22.06.2022, 11:40

Ақжарқын Тұрлыбайдың сотталуына кінәлі деген нигериялық Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін

Бұған дейін Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбет қорғауындағы қазақстандықтың Қытайға сапарын ұйымдастырды деп күдікке ілінген нигериялықтың ұсталғанын хабарлаған еді.

Ақжарқын Тұрлыбайдың есірткі тасымалдауына кінәлі нигериялық Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылғы 20 маусымда Нигерияда Интерполдың Қазақстан Республикасы ІІМ-дегі Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ҚР ҚК 259-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс (есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Адиндо Нонсо Фортуне ұсталды. Қазіргі уақытта оны қамауда ұстау және Қазақстанға одан әрі экстрадициялау туралы процессуалдық шешім қабылдау мақсатында қажетті материалдар Интерполдың Нигерия ҰОБ-на жолданды», - делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбет қорғауындағы қазақстандықтың Қытайға сапарын ұйымдастырды деп күдікке ілінген нигериялықтың ұсталғанын хабарлаған еді. Қытай тарабы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартып отыр.