Қазақ тілінің қазіргі мүшкіл жағдайына 30 жыл бойы билікте отырған шала қазақ шенеуніктер мен солардың бүгінгі ұрпақтары тікелей кінәлі. Шенеуніктерде ұлтқа, ана тілге деген махаббат болғанда баяғыда шешіліп қоятын қарапайым ғана мәселе еді. Ресейдің қысымы жай ғана сылтау. Әйтпесе, ресейді алдап соғатын, қазақ тілін дамытудың түрлі айла-тәсілдері бар. Мысалы, мемлекеттік қызметке тек қана қазақ тілін білетіндер ғана алынады деген берік қағиданы бекіткенде, әлде қашан билік мемлекеттік тілде сөйлейтін еді. Іс қағаздардың бәрі қазақша жазылар еді. Телеканалдарымызды, ғаламтордағы ютуб секілді каналдарды қазақша қызықты контентке толтырып тастар едік.
Бірақ мұның ешқайсысы жасалған жоқ. Себебі, билікте отырғандардың өздері дұрыс қазақша білмегендіктен, оларға қазақ тілінің дамығаны керек емес. Дамыса, бірінші кезекте өздері жұмыстан шеттетілетінін біледі.
30 жыл тіл мәселесінде асығудың, даурығудың қажеті жоқ деп, бейғам отырды. Бұл тек уақыт жоғалту мен тұтастай ұлтты көпе көрнеу алдау болды. Енді қанша отырарымыз тағы белгісіз.
Бүгінгі көпшілік шенеуніктер мен зиялыларымызда патшалық өкімет пен кеңес кезеңінің қысымына қарамастан ұлтқа қызмет етуді өмірлерінің басты парызына айналдара білген кешегі Алаш арыстандарының еліне деген шынайы махаббаты жетпейді.
Бар болғаны сол ғана.
Қайрат Жолдыбайұлының facebook парақшасынан