Белгілі кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Арман Шораев қамауда отырған Кәрім Мәсімов жайлы сұмдық жайттың бетін ашты. Оның сөзіне сенсек, Кәрім Мәсімов 2016 жылы Қазақстанға миллиондаған қытайлықты көшірмек болған. Әрі оның негізгі мақсаты Қазақстанды іштен ыдыратып, билеп-төстеу болған.
«2016 жылы жер дауы болғанда Мәсімов 4 млн гектар жерді Қытайға бере салуға барлығын дайындап қойды ғой. Жерді былай қойғанда 1 гектарға Қытайдың екі азаматы квота арқылы Қазақстанға ресми түрде кіре алатын еді. Сонда 8 млн қытайлық біздің елге көшіп келе алар еді. Көшіп келген соң он жылдың ішінде ол 4 млн 14 млн болып шыға келер еді. Сонда Қазақстан шынымен өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалуы әбден ықтимал еді» - дейді Шораев «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сарапшының сөзінше, мемлекетті шайқалтудың алғашқы қадамын Мәсімов осыдан 8 жыл бұрын жасаған.
Сонымен қатар ол Мәсімовтің шетелдің агенті болуы мүмкін екенін айтқан. Қазақтың жауы – Мәсімов деп сол кезде де жазғанын айтады. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы – шетелдік агент болуы мүмкін екенін де ескерткен
«Ол қандай елдің агенті екенін тергеу анықтайды деп ойлаймын. Кәрім мырза Қазақстанды бөлек мемлекет ретінде ешқашан мойындаған емес. Мүмкін бір келісімдер болды ма, Қазақстанды ыдыратып басқа елдің бөлшегі ретінде өткізе салғысы келді ме екен, мүмкін. Және сол жерді басқару деген сияқты ойлары болған болуы мүмкін» - деді Арман Шораев.