28.06.2022, 12:20

Алматыда тағы бір қонақ үй қызметкері қазақша қызмет көрсетуден бас тартты (ВИДЕО)

Алматы қаласында орналасқан «Rahat Palace Hotel» шетелдіктерді қонақ үйге орналастыруға алып келген азаматқа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан қонақ үйді сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Депутаттың айтуынша, Алматы қаласында орналасқан «Rahat Palace Hotel» шетелдіктерді қонақ үйге орналастыруға алып келген азаматқа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан.

Бұл не масқара! Біздің елде Мемлекеттік тіл ресей тілі екенін айғақтап тұр бұл видео!

Біздің елде шұғыл Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау мемлекеттің міндеті екенін айғақтап тұр бұл видео!

Бұл Алматы қаласындағы “Рахат палас” қонақүйінде болған оқиға. Шетелдіктерді қонақүйде орналастыруға алып келген Садық Жанықұлға қонақүй қызметкері мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан да, шетел тілдерінде орыс, ағылшын тілдерінде қызмет еткен!

Бізде мемлекет, үкімет басшылары мен министрлер мен әкімдер, өзінің мансабын, отырған креслосын ғана ойлап, сол үшін Мемлекеттік тіл мүддесін қорғауды құрбан етуді доғаратын кез жетті! Енді ел оған төзбейді! Әлсіз, уақыты өткен бейшара Тілдер туралы Заң жұмыс істемегесін, ел осылай өздері Мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау үшін күресуде! Тілді қорғағаны үшін тіл күрескері Қуат Ахмет елден кетуге мәжбүр болды! Енді жаңарған Қазақ елінде, жаңа жүйеде неге Мемлекеттік тіл - Мемлекеттік мүддені қорғағаны үшін Қуат бауырымызды елге қайтарып алмаймыз?!. Оның қалай кетуге мәжбүр болғанын, оған қандай кінә тағылғанын, ондай кінәні кез келген адамға тағуға болатынын, (сонда ешқайсымыз заңмен қорғалмағанбыз), біз жақсы білеміз. Біздің елде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ әлі күнге дейін?!. Басқа Кеңес одағынан тәуелсіздік алған елдің бәрі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, бұл өте өзекті де, маңызды, ұлттық намысты айқындайтын мәселені баяғыда дұрыс шешіп алған. Осыдан екі ай бұрын “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалында жариялағанымыздай, Мемлекет басшысынан бастап, барлығымыз Мемлекеттік тілді қорлатпауымыз керек! Қорғауымыз керек!

Ол Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Конституцияның тіл туралы бабында Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара айқындауды талап еткен депутаттық сауалға 41 депутат қол қойды. Кейбір депутаттар ел алдында жалғандыққа барып, “Қазыбек Иса ол депутаттық сауалды бізге жіберген жоқ” деп өтірік айтып, ақталып жүр екен. Біріншіден, ол депутаттық сауал 107 депутаттың көзінше жарияланды. Екіншіден, депутаттардың көбісі өздері хабарласып, қолдайтынын айтып, қол қойды. Үшіншіден, ол депутаттық сауал осы мемлекеттік тілді қорғауға ар-намысы жетеді-ау деген жалпы депутаттардың 80 пайызының жеке уатсабына жіберілді.

Өте дұрыс, өзекті мәселе көтеріп отыр Садық бауырымыз», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол Алматыға арнайы барып, өз тілін табан асты еткен қызбен қазақ тілінде сөйлесетінін айтқан.

«Тәуелсіз болғанымызға 30 жылдан асса да, мемлекеттік тіл туралы заң жоқ әлі күнге дейін жоқ. Басқа Кеңес одағынан егемендік алған елдің бәрі «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдап, ұлттық намысты айқындайтын мәселені баяғыда дұрыс шешіп алған. Мемлекет басшысынан бастап, барлығымыз ана тілімізді қорлатпауымыз керек! Қорғауымыз керек! Мен Алматыға енді барғанда ешқандай жұмысым болмаса да, міндетті түрде осы жерге барып, бұл қызметкермен (қонақ үй әкімшілігі шара қабылдап, жұмыстан шығарып жібермесе) мемлекеттік тілде сөйлесемін!», -  деп атап өткен Мәжіліс депутаты.