Мені жеп қойсаңдар да ойымды айтқым келеді. Қалаларды, аэропорттарды адам есімімен атауды тоқтату керек! Тарихи қалалардың атымен аталғаны дұрыс. Аэропорттар өз облыстарының, қалаларының атымен қалғаны жөн.
Ғалым да ғұлама да ашқан жаңалығымен, ұрпаққа қалдырған мұрасымен мың жасайды. Күні ертең тозығы жетіп қирап қалатын нысандарға есім беруді саяси науқанға айналдыру ұлттың жоқтайтын дүниесі емес. "Халық қалап отыр" "Халықтың сұрауы" деген жалған пафосты доғарайықшы. Бұл бәскелестікке алып келе жатыр. Онан гөрі тозығы жеткен жол, ауыз су, жайылымға қолы жетпей отырған халықтың шын сөзін жеткізейікші ПРЕЗИДЕНТКЕ!
Халық - көп! Көптің аты ХАЛЫҚ! Халық жол бастайтын көсеміне сенеді. Сол көсемінің соңынан ереді. Ежелден осы. Сондықтан халықтың атын жамылып, әр нәрсені президентке ұсына бермеу ләзім.
Қаптаған көше аттары, мектеп аттары, кітапхана аттары, мәдени орталық аттары, кітапханаға кірсең кабинеттерге дейін атын беріп, есімін айшықтап тастаған. Астанадағы Ұлттық кітапханаға тіпті кітап қорын бермегендер де өздерінің есімімен зал ашып тастаған. Бұл не?.. "Бассыз үйдің иті осырақ" дейді біздің данышпан қазақ. Кітап оқитын оқырман залы жоқ, іші қапырық, кондиционер жоқ, жерге айқыш-ұйқыш, жағал-жағал кілем, төбеге дейін горшоққа отырғызылған гүл. (құдай сақтасын, оқырман басына құлап кетсе қайтпек?) Кітапхананың өзіне лайық статусы бар емес пе еді? Осы уақытқа дейін талай миллиард бөлінді. Қайда сол қаражат?. Қолды болған кітаптар сол бойы жабулы қазан болып, ым-жыммен қалды. "ойбай чип жоқ, чип болмаған соң кітап ұрланады" деген алдаусыратқан сылтауды да естідік. Бұл деген әркім келіп бір сарып кететін жер емес қой.
Жазушы Роза Мұқанованың facebook парақшасынан