Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 50 миллион теңге пара алған журналисті ұстағанын мәлімдеді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, ол кәсіпкерлердің бірінен 50 миллион теңге бопсалаған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер тарату қаупімен кәсіпкерлерден аса ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған М. Әбжанның қылмыстық әрекетінің жолын кесті.
3 шілдеде жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде М. Әбжан 50 миллион теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қаласы ПД УҰИ-ға қамауға алынды", - дейді Антикор өкілдері.
Күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.