Алакөл жағалауы алапат өртке ораныпты. Көлде жүрген әріптесім Дарын Нұрсапар видеоларынан ұйтқи соққан желдің оңды-солды біраз демалыс үйлерін жайпап жібергенін көрдім. Бүкіл демалушылар жұдырықтай жұмылып өрт сөндіруге кіріссе де күшейіп алған жалынның беті қайтар емес. Жалынға оранғандардың арасында бұрыннан келе жатқан ірі базалар да бар. Бұл құрылыстардың дені ағаштан салынған, құрғақ ыстыққа қуарып тұр, шырпы тисе лап ете қалады.
Екі жыл пандемиядан қысылып әрең шыққан, биылғы маусымнан үміт еткен кәсіпкерлерге өте қиын болды. Туған жерім ғой, осы көл арқылы бала-шағасының нәпақасын айырып отырған туған-туыс, таныс-тамырларымды білемін. Көл маусымы әрі кетсе екі ай. Бірақ осыған құятын инвестицияның өзі оңай емес. Зардап шеккендердікі зая тірлік болды. Енді ше, бір үй салудың өзі оңай емес, ал туризммен айналысу үшін бірнеше үй немесе тұтас кешен тұрғызу керек. Өрт басылса екен, өйткені көлдің басында жүздеген кәсіпкерлік нысандары бар.
Бұл арада бірнеше түйткілді мәселені ашып айту керек.
Ең әуелі, рекреациялық аумақта мемлекет, яғни облыс пен аудан әкімдіктері тарапынан нақты бақылау жоқ. Осыған дейін демалыс аймағы Шығыс Қазақстан облысына қарағанын білесіздер. Абай облысының бұл жаққа мойын бұруға әзір шамасы жоқ шығар.
Жергілікті шенеуніктер көлде техникалық бақылаумен емес, шені жоғары қонақтарды күтумен айналысады. Оны осы демалыс базаларында күткен соң базалардың әлдебір кемшіліктеріне көз жұмып қарайды. Бұл ТЖ, өрт қауіпсіздігі, сәулет, құрылыс, жол, СЭС сияқты салаларға жауапты әр мекемеге тән. Сондықтан тексерушіні бір тамағын беріп шығарып салсаң, іс бітті, қу кеттінің кері болады. Бірақ зардабын кәсіпкерлердің өзі көреді.
Екінші мәселе де осыған сабақтас. Майшелпекке айналған аумақта ешқандай құрылыс талаптары сақталмайды. Бас жоспар жоққа тән. Өркениетті елдердегі туристік ошақтармен салыстыруға келмейді. Бір-екі бұралаңдаған жолдың асфальтталғаны болмаса, қалғанының шаңы бұрқырап жатыр. Базалардың барлығы дерлік фанерадан жасалған, өрт қауіпсіздігі мүлде сақталмаған, бір-біріне жабыстырып өте жабайы түрде салынған, лау ете қалмағанда қайтеді?!
Былтыр орталықтандырылған кәріз жүйесінің керегін айтып дабыл қаққанбыз. Әжетхана, жуынды-шайынды сулары көлге қосылып жатыр. Алақандай септиктер мәселені шешпейді. Өйткені миллиондаған адам келіп жатыр. Минералды судың құрамы бұзылды, ертең-ақ Алакөл бар маңызынан айырылып, бір тобарсыған сасық суға айналып шыға келеді. Бірақ бұл жақтағылардың құлағы таскерең, өз шу-дуларына өздері риза, еститін үкімет әдірем қалсын деп ішіп-жегендеріне тоқмейіл қалыпта болды. Міне, бүгінгі күтірлеп жанып жатқан өрт те осы бей-берекетсіздіктің салдары деп түйдім. Бұған облыс пен аудан басшылығы жауап беруі керек.
Бұл Қаракерей Қабанбайдай қолбасының кіндік кескен, ер жеткен, қан төгіп қорғаған қасиетті жері, бабалар мен табиғат-ананың қаһары да болатынын ұмытпайық. Жаңадан құрылған Абай облысының басшылығы осы қызыл жалыннан сабақ алып, барлық кемшілікті жүйелесе, көрген көз қызығатын көрікті мекенімізді тұмса қалпында сақтап, дамытса деген ойдамыз.
Думан Анаштың facebook парақшасынан