$ 498.51  522.84  4.81

Орталық Азия елдері жаңа одақ құруға уағдаласуда

Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді. Бірлігін, тұтастығын көрсете алса, сыртқы зәлім күштерге төтеп бере алады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қызықты құжатты қоғам назарына ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz. Бесжақты бірегей келісім – "Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт" деп аталады.

Бұрын-соңды болмаған мұндай шартты басқаларынан даралайтын бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, ол алғаш рет өңірдегі барлық мемлекетті қамтып отыр. Оған тіпті бейтарап Түрікменстан да қосылды. Сондай-ақ бұған дейін Өзбекстан да Еуразиялық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТүркПА және басқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мүше одақтар мен шарттардан бойын аулақ салып, көпжақты құжаттарға қол қоймай келген. 

Екіншіден, бұл – бар саланы қамтитын әмбебап құжат. Ол осы елдердің қалаған саласының бәрінде ынтымақтастықты өрістетуге жол ашады.

"Оның мақсаты – өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер кешенін шешуде Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін жұмылдыру, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ тату көршілік пен достық негізінде өзара қарым-қатынастарды, тиімді ынтымақтастықты әрі қарай нығайту болып табылады. Орталық Азия әлемдік қоғамдастықпен өзара қарым-қатынастардың оңтайлы моделін құрады. Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қатысты ОА елдері ортақ ұстанымда болуы қажет. Соны тұжырымдау үшін бұл шарт берік негіз болады. Ол Орталық Азиядағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді", – деп түсініктеме берді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.

Әйтпесе, мысалы, Ресейдің басқыншылық саясатына қатысты ОА елдерінің ұстанымы да әртүрлі болды. Қазақстан алғашқы күні-ақ мұны соғыс деп атайтынын және оны қолдай алмайтынын ашық білдірді. Ал 26 ақпанда В.Путинмен телефондық әңгімесінде қырғыз лидері Садыр Жапаров Мәскеудің "арнайы әскери операциясын" қолдайтынын білдірген. Кейін Қазақстанның табаны таймай, пацифистік ұстанымда табандағанын көріп, Бішкек те, Душанбе де соғысқа қарсы екенін байқата бастады. Оның соңы ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі саммитінде Путин, Лукашенконың қоймай қолқалағанына қарамастан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан көшбасшыларының Ресей армиясына көмекке Украинаға қарсы әскер жіберуден бас тартуымен аяқталды. Осының арқасында осы елдер Батыстың ауыр санкцияларынан құтылып кетті.

Қазіргі құбылмалы заманда, геосаяси дауылдар өршіген шақта ОА өңірінің алдынан талай таңдау шығары сөзсіз. Сонда елдер бірауызды болғаны жақсы. Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді. Бірлігін, тұтастығын көрсете алса, сыртқы зәлім күштерге төтеп бере алады. Әйтпесе, бір-бірлеп жем болады.

СІМ XXI ғасырды қамтитын бесжақты, бірегей құжаттың жобасын ғалымдардың, сарапшылардың сарабына салыпты. Олардың қорытындысы бойынша шарт жобасы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкес келеді.

"Шарт өңірішілік кооперацияны дамытуға, ұлттық экономикалардың серпінді дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға, халықтарының өмір сүру деңгейін арттыруға, өңірдегі көпжоспарлы байланыстарды кеңейтуге, тереңдетуге қосымша екпін береді", – деген тоқтамға келді сарапшылар.

Шарттың депозитарийі, түпнұсқасын сақтаушысы – Қазақстан болады.

Тарихи құжатқа түсіндірме жазбасында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бір маңызды жайтқа назар аудартты. Оны парламенттер ратификациялаған, яғни толық күшіне енген соң, бес ел бір-бірімен соғысудан түбегейлі бас тартулары қажет. Өйткені Қырғызстан мен Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан өз анклавтары мен эксклавтары, яғни жер үшін әлі күнге таласып, онысы дүркін-дүркін шекарадағы қарулы жанжалға ұласып тұратыны жасырын емес. Демек құжаттың тарихи бітістіруші миссиясы да бар. 

"Қазіргі геосаяси құбылмалылық, халықаралық аренадағы шиеленіс, жаһандық қауіпсіздік сын-қатерлерінің өсуі жағдайында Қазақстан үшін ОА мемлекеттерімен өзара іс-қимылды тереңдету барған сайын маңызды бола түсуде. Өңірлік кооперацияны дамыту мақсатында сенімді қатынастар құру, өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ету, ондағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ өңір мемлекеттерінің мүдделерін қозғайтын мәселелерді әртүрлі халықаралық алаңдарда ілгерілету бойынша шаралар қабылдануда", – деді Ә.Смайылов.

Оның мәліметінше, осы уағдаластыққа келу үшін бес ел президенттері 3 рет бас қосып, жабық жағдайда келіссөз жүргізіпті: 2018 жылы – Астанада, 2019 жылы – Ташкентте, 2021 жылы – Түрікменбашы қаласында. Үш консультативтік кездесу қорытындысында аталған құжат жобасының ақырғы нұсқасы пайда болды. Ол ОА мемлекеттерінің өзара іс-қимылын шын мәнінде жаңа деңгейге шығаруға тиіс. Сарапшылар 5 елдің халықаралық мәселелерде бірауызды болуға, сыртқы жаулардан бірлесе қорғануға толық мүмкіндігі барын айтады.

Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге орталықазиялық ортақ жауап туралы түсіндірме жазбасында Ә.Смайылов та атап өтті.

"Құжатқа сәйкес тараптар бір-біріне қарсы бағытталған күш қолданудан немесе күш қолдануға доқ көрсетуден тартынуға міндеттеме алады. ОА мемлекеттері жаһандық және өңірлік ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара бірлескен іс-қимыл жасайды. Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша өз күштерін үйлестіреді. Шарт жобасында 5 мемлекеттің әскери, сауда-экономикалық, логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, қорғаныс, энергетика және туризм аясындағы өзара тиімді ынтымақтастығын жандандыру көзделген. Шартқа қол қою – бесжақты қатынастардағы маңызды тарихи оқиға болады және ол Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосады", – деді Үкімет басшысы.

Құжат шынымен сан-салалы. Онда елдер ғарыш саласында бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырмақ. Коронавирус сияқты пандемиялармен бірлесе күреспек. Терроризм мен экстремизм идеологиясына бірігіп қарсы тұрады. Жаһандық, халықаралық ұйымдарда өз мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде бір-біріне қолдау көрсетеді.

Электрондық Үкіметті енгізу және дамытуда бір-біріне жәрдемдеседі. Ортақ туристік бренд құрады. Жаһандануға жұтылып, алпауыттарға отар болмау үшін тіл, дін мен дәстүрді сақтауда күш біріктіруге ниетті.

Бір-бірінің азаматтарына қатысты көші-қон талаптарын одан әрі жеңілдету жөнінде шаралар қабылдайды. Бір-бірінде ЖОО-лар ашып, оқытудың бірлескен бағдарламаларын әзірлемек. Тіпті жасанды интеллектіні бірге енгізуді жақтайды. Арал теңізі бассейнінің және Арал маңы аудандарының экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерді біріктіреді, жұмысты жетілдіреді.

Ислам Кәрімов кезінде Орталық Азияда соғыс болса, ол су үшін басталуы мүмкін деп ескертіп, өсиет етіп кеткен. Құжатқа сәйкес, 5 ел су-энергетикалық ресурстарды кешенді және ұтымды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтеді.

Ресей оқшауланған сайын онымен жүк тасу қиындауда. Бұл Еуразиялық одақтың әлеуетін жоққа теңестіреді. Сондықтан ОА елдері осы құжатта қолданыстағы теміржол, автомобиль, әуе және су коммуникацияларын транзит үшін бірлесе, кеңінен пайдалануға уағдаласқан.

Жалпы бұл құжат пәрменді жүзеге асса, ол ҰҚШҰ-ны ауыстыра алады. Мәскеу өз шоқпарына айналдырғысы келетін ҰҚШҰ-ның Орталық Азияға қажеті де болмай қалады. Себебі құжатта түрі, түбі, ділі, діні бір елдер сыртқы жаудан, ішкі бүліктерден бірге қорғануға келісіп отыр.  

"Уағдаласушы тараптар өздерінің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп-қатерді болдырмау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді. Уағдаласушы тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қатер төндіретін ахуал туындаған жағдайда, туындаған қатердің тиімді алдын алуға ықпал ететін бірлескен шараларды айқындау мақсатында екіжақты форматта да, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері шеңберінде де тиісті консультациялар өткізілуі мүмкін", – делінген бесжақты шартта.

Осыған ұқсас жолдар Вашингтон шартында бар, ал одан НАТО дүниеге келгені мәлім.

Ендеше Орталық Азияның 5 елінің жаңа одағына лайықты атау беру қалып тұр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары