Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің көшбасшылары қатысқан саммитте сөз сөйлеп, жыл сайын "мәдени астананы" сайлап отыруды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент аймақты бірыңғай мәдени кеңістікке айналдырудың жолын атады.
"Аймақты бірыңғай мәдени кеңістік ретінде көрсету үшін жыл сайын "Орталық Азияның мәдени астанасын" сайлау тәжірибесін бастау керек", – деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол аталған саммит қорытындысы бойынша Орталық Азияның бейбітшілік, қауіпсіздік және алға ілгерлеу бойынша жаңа парақтарын ашатынын атап өтті.
"Қазақтар "Татулық – таусылмас бақыт" деп айтады. Уақытпен сыналған сенімді әрі жақын қарым-қатынасымыз, ортақ тарихи және рухани тамырымыз елдер достастығының сарқылмас қайнар көзі боларына сенімдімін", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ыстықкөлде Өзбекстан және Қырғызстан президенттерімен кездесу өткізгенін хабарлаған едік.