$ 494.87  520.65  4.91

«Назарбаевты жақсы көремін, ол менің тұңғышым» - Бекболат Тілеухан

Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан түрмедегі Кәрім Мәсімов туралы да сөз қозғады.

Қазір Түркияда өмір сүріп жатқан Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев жайлы ағынан жарылды.

Журналистің  "Назарбаев Елбасы статусынан айырылды. Қалай қабылдадыңыз?" дегеніне Бекболат Тілеухан былай деп жауап берді:

"Өте жаман қабылдадым. Енді мені тыңдап отырған тыңдаушылардың ешқайсысына осы айтқан сөздерімнің ұнамайтынын білемін. Осы сұхбат шығарда дайындалған уақытта кейбір жанашырларым айтты: "Ей, Назарбаевтың атына бір жылы сөйлемей-ақ қойшы, пәлеге қаласың" деді. Қазір елдер "раздраженный" деп отыр. Енді "раздраженный" екен деп ақиқатты жасырып қала аламын ба? Мен ол кісіні біріншіден жақсы көремін. Ол менің тұңғышым. Мемлекет болғанымызда тізгінге ие болған тұлға. Назарбаевтың бойынан жақсылығын іздесең жетіп жатыр. Кемшілігің іздеймін десең де, ол да жетеді. Бірақ, біз жақсы мен жаманын салыстырып отырып, тарихи әділдікпен қарауымыз керек. Ешқашан өз заманындағы адамға замандасы әділ баға бере алмайды. Уақыт өтеді, тарихтың көзімен қараймыз... Сол кезде оның бағасы белгілі болады. Осы мәселеден келген кезде кейбір нәрсесін жылы жауып қойып, кешіріммен қарауымыз керек. Жасаған қаншама жақсы нәрсесі бар",- дейді Бекболат Тілеухан.

Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан түрмедегі Кәрім Мәсімов туралы да өз ойын білдірді. Айтуынша, Кәрім Мәсімов билікте қызмет еткен тұста шенеуніктердің басым бөлігі оның бетіне тіке қарай алмаған, көбісі жүрексінген екен. Бірақ Тілеухан ҰҚК экс-басшысымен арадағы қарым-қатынасы туралы былай дейді.

"Кәрім Мәсімовпен араласқан жоқпын. Бірақ "Әй, Масимов, әй, Масимов" дейтін сөзді кім айтты? Мен айттым. Youtube желісінде бар. Менен басқа біреу айтты ма? Мәсімовтен қорыққан кезде басқа шенеуніктер ығынан жүрмейтін. КНБ-ның бастығынан кім қорықпайды? Шенеуніктердің арасында кімнің күні премьер министрге түспейді? Сол кезде "Әй, Масимов, ей..." деп ішімнен қаным қайнап тұрды да. Сөйтіп айтқан мен ғана", — дейді Бекболат Тілеухан.

Экс-депутат бұл сұхбатында мемлекетке опаздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланды деп айып тағылған Кәрім Мәсімовтің саясаткер ретінде ерекше қасиетін бағалап, жер-көкке сыйғызбай мақтаған.

"Ол өте терең саясаткер адам болатын. Сенің агрессияңа агрессиямен жауап беру жоқ. Құдай сақтасын, кездескен жерде жорғалап алдыңа түсіп алады, күлімдеп шығарып салады. Өте терең саясаткер адам. Біздің қазақтың арасында сондай адам бар ма, жоқ па білмеймін", — дейді Тілеухан Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары