$ 494.87  520.65  4.91

«Жолдауда айтылған дүниелер жүзеге асса, үлкен әрі оң өзгерістер болады» - экономист

Біздің  экономикамызға тұсау болып отырған ол – монополиялық үстемдік.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ел президентінің кешегі Жолдауындағы басты тақырыптардың бірі – экономика  саласы. Ондағы ең бірінші бағдардың да «Жаңа экономикалық саясат» деп аталып, қарастырылуы еліміз  үшін бұл саланың аса маңызды екендігінің дәлелі. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы белгілі экономист Жангелді Шымшықовтан Жолдауда айтылған экономика саласындағы мәселелер бойынша пікірін білген еді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет екендігін алға тартты. Экономистің сөзінше бұл қашаннан кезек күттірмейтін мәселелердің бірі және оны шешудің жолы біреу-ақ.

«Біздің  экономикамызға тұсау болып отырған ол – монополиялық үстемдік. Бұл кесел сонау кеңес заманынан бері бізбен бірге келе жатыр. Содан кейін 1990 жылы бізде антимонополиялық комитет ашылған. Бірақ кейін оны агенттікке айналдырды, соңында таратып жіберді. Бұрынғы билік онымен айналысқан жоқ. Себебі, сыбайлас жемқорлық кезінде жең ішінен қол шығара алғандар монополияға қарсы тұра алмады. Өйткені билік басындағылардың көпшілігі белгілі бір кәсіпкерлердің лоббиіне айналды. Яғни, астыртын солардың жағдайын жасады. Біздегі экономикаға тұсау болған монополия ыдырау мен жетілдірілген бәсекеге келудің орнына, керісінше, күш алып өршіп кетті. Таза монополия емес олигополия үстемдік құрды. Сол себепті, бұл кезек күттірмейтін мәселені экономистер біраз жылдардан бері барлық жерде айтып та, жазып та жүрміз. Қазір билікте оң өзгерістер болып, сол үмітіміз ақталған сияқты. Бірақ сөз бен қағаз жүзінде ғана қалып іске аспауы мүмкін деген күдіктің бар екенін де жоққа шығармаймын. Өйткені, билік басындағылар және үкімет әлі де сол қалпында. Тек басты 5-6 қызметкерлердің ауысуымен ғана шектелді. Менің ойымша, Жаңа Қазақстанға су жаңа билік адамдарымен кіру керек. Сонда ғана монополияға қарсы күрес нәтиже бере алады», - деді ол. 

Жолдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайтынын жеткізді. Жангелді Шымшықовтың пікірінше, Президенттің бұл сөзді шегелеп айтуы өте орынды. Экономикалық еркіндік тіркесін сарапшы былай түсіндірді:

«Кеңес үкіметі кезінде біз барлығын жоспарладық. Қанша сіріңке шығару керек, қанша тұз өндіру керек барлығы жоспарлы түрде жүзеге асты. Ол жоғарыдан жоспарлау комитеті арқылы тапсырма ретінде берілетін. Осы тұста баға қалай қалыптасады? Баға комитеті әр заттың бағасын алдын-ала зауыттан шыққанда құнын анықтап, жазып, жабыстырып береді. Қандай да бір тауарға сұраныс артса, соны көбірек өндіреміз және көбейтеміз. Ал кейбір заттарға сұраныс азайса, оның шығарылуы да азайтылады. Яғни, оны ешкім тағайындамайды. Өйткені баға өзі қалыптасуы тиіс. Міне, осы мәселені еркіндік деп атайды. Ал қазір оның барлығы нарықтағы сауда-саттық кезінде анықталады. Нарық ұсыныс пен сұранысқа сай өзі дами береді. Еркін даму дегеніміз сол. 

Кәрім Мәсімов үкіметті басқарып отырған уақытында «қолмен басқару» ұғымын енгізді. Ол нарықтың барлық заңдылықтарын бұзды. Содан бері барлығын өзіміз анықтап, бағасын өзіміз қоятын деңгейге түстік. Сондықтан бұл мәселені Тоқаевтың шегелеп айтуы орынды. Сонда ғана сатып алушыларда таңдау болады. Керек тауарлардың саны артып, халыққа керек емес заттар қысқара бастайды. Бұл жерде ешкім бұйрық бермейді, өзімен-өзі қалыптаса береді. Бұл – нарық еркіндігі».

Сондай-ақ, ол инфляция болмас үшін өндірістегі еңбек өнімділігін өсіру керектігін тілге тиек етті. 

«Өнімділік артқан жағдайда шығын азаяды. Инстенсивті даму, технологияны қалпына келтіру, креативті экономика құру, инновация сынды толып жатқан әдісті қолданып өндірісті көбейтіп, экономиканы дамыту керек. Сонда ғана жалақыны көтеру халыққа өз септігін тигізеді. Жалақыны ғана көтеріп жарылқаймын деген – қателік», - деді ол.  

Сөз соңында, жолдауда айтылған дүниелер жүзеге асатын болса, үлкен әрі оң өзгерістер болатынына сенім білдіретінін жеткізді. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті Жолдауын жариялады. Онда Президент әлеуметтік және саяси бастамаларды ұсынды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары