Атырауда сәләфи исламистер бүлдіршін қыздардың құқын таптап, бет-жүзін тұмшалау мақсатында «Ұлттық қыздар мектебі» дейтін сәләфилік бағыттағы жаңа мектеп ашқан. Блогер, қоғам белсендісі Нұргүл Мұқышева «Адырна» порталына осылай деп мәлімдеген. Көрсетілген фактілерге байланысты Атырау облыстық білім басқармасы тексеріс жүргізуде.
«Аталмыш діни мектепке Атырау өңірінің тұрғыны Жолмұханова Жұмазия басшылыққа тағайындалған. Ең сорақысы мектеп директоры Жолмұханова Жұмазияның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019-жылы екеуі де қаза тапқан. Ал «ұлтттық қыздар мектебі» деген қазақи терминді бетперде қылған сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары кімдер екенін білсеңіздер, төбе шаштарыңыз тік тұрады.
Атап айтқанда бұлар нағыз сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екен.
Айтпақшы Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы «Бопсалау» бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылыпты. Бәріміз білетіндей сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ берулеріне түбегейлі қарсы.
Себебі олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы және білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады.
Сәйкесінше оқушылардың киім үлгісі зайырлы сипатта болуы шарт. Сәләфилердің негізгі мақсаты деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сонымен қатар, осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады», - деп жазды блогер.
Қоғам белсендісі министр А.Айтмағамбетовтен Әділет министрлігінде тіркелген «сәләфилік қыздар мектебіне» лицензия берілмеуі мен тез арада жабылуына ықпал етуді сұраған.
«Жоғарыда аталған жекеменшік ұйымға өкілетті орган лизенция бермегенін хабарлаймыз. Қазір көрсетілген ақпарат бойынша тексеріс басталды. Тексеріс қорытындысы бойынша қажетті шара қабылданады. Қазақстан зайырлы меклекет, барлық ұйым, оның ішінде жекеменшік ұйымдар да қолданыстағы заң талаптарын сақтауға міндетті», - делінген Атырау облыстық білім басқармасының хабарламасында.
Azattyq Ruhy