$ 449.58  486.94  4.86

Қайрат Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Сот отырысында судья сот процесінен видео және аудио таратуға шектеу қойып, бұл тыйымды бұзғандарға жауапкершілік барын ескертті.

Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұған дейін айыпталушы тарап пен жәбірленуші тарап саналатын компаниялардың келісімге келгені хабарланған болатын. Сотталушылар Сатыбалды, Қоңырбаев, Бекетов, Мұхаметжанұлы, Муравьев татуласу туралы медиациялық келісімді растап, бәрі де айыппен келісетінін айтқан. Прокурор Есебаев соттан Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді сұраған. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі керектігін айтты.

Бүгінгі сот отырысына да айыпталушылар онлайн режимде қатысты. Судья Нұрлан Баяхметовтің үкімімен Қайрат Сатыбалдыны кінәлі деп танып, бірнеше бап бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырды. Мүлкін тәркіледі. 

Айта кетсек, екі күн бұрын басталған сотта сотталушының адвокаты Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындайтынын, екі компанияның 12 млрд теңге және 28 млрд теңге шығынын өтегенін мәлім етті. Процес екі іс бойынша қаралып жатыр. Онда «Қазақтелеком» АҚ және «КСО» АҚ-тан қаражаттың қалай жымқырылғаны баян етіледі.

Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды осы жылдың наурызында қамауға алынған еді. Оның үстінен «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек ол «салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды», «қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деген күдікпен де тергеліп жатыр.

Наурызда сонымен қатар әйелі Гүлмира Сатыбалды да «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деген айыппен қамауға алынған.

Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. ҰҚК Самат Әбіш «тергеу назарында» екенін мәлімдеген. Алайда оның қандай да іске қатысы бар-жоғы айтылған жоқ. Қайрат Сатыбалды «Қазақтелекомнан» 12,7 млрд теңге, «Көлік сервисі орталығынан» 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.

Сот отырысында судья сот процесінен видео және аудио таратуға шектеу қойып, бұл тыйымды бұзғандарға жауапкершілік барын ескертті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары