$ 494.87  520.65  4.91

«Оп-оңай азаматтық алудан дәмелі»: депутат ресейліктерге қатысты некеге отыру тәртібін қатаң қадағалауға шақырды

Мұндай некеге отырушылар 3 жылдан кейін оп-оңай азаматтық алудан дәмелі.

Жаппай әскери жұмылдырудан қашқандардың қарасы көбейді. Ары қарайғы біздің әрекет қандай болмақ? Үкімет не істеуі керек?

1. Жағдайды анықтау, жедел шешімдер қабылдау үшін Үкімет басшысы арнайы мемлекеттік комиссия құрғаны жөн, оны не өзі, не орынбасарларының бірі басқаруы тиіс.

2.Мемлекеттік комиссия келіп жатқандардың санын, жасы мен жынысын, жұмысы мен мамандығын, басқа да жеке басына қатысты, оның ішінде түрлі қылмыстарға қатыстылығын анықтауға арналған мәліметтер базасын жасауы керек.

3.Мемлекеттік комиссия келгендердің өтініштері мен басқа да тіршілікке қатысты бұйымтайларын дереу қарап, тиісті шешімдерді Үкіметтің қарауына ұсынуы қажет. Алдымыз - қыс. Келгендердің қаржысы, азық-түлігі таусылуы мүмкін. Елдегі қымбатшылық онсыз да өршіп тұр. Стратегиялық тұрғыда ең алдымен Қазақстан тұрғындары тарықпауы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің материалдық-техникалық мемлекеттік резерві қаншалықты? Соның бәрі қайта есептелуі керек.

4.Келгендердің көбісі бала-шағалы, олар ертең балаларын оқытқысы келеді. Бәріне бірдей жаңадан орыс мектептерін ашуға тура келе ме? Менің ойымша, оқығысы келетін балалардың бәрін қазақ мектептерінде оқыту керек. Қазақстанда тұрғысы келсе осы талапты қабыл алғандары жөн.

5.Келгендер ауырмай, сырқамай тұрмайды. Олар қалай емделеді? Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені дереу назарға алуы керек. Бізде экстрн жағдайда ғана тегін емделеді. Басқа жағдайда ақылы. Тиісті прейскуранттар жасалуы тиіс. Мұнда да емдеу Қазақстан азаматтарының есебінен жүргізілмеуін қатаң қадағалу қажет.

6.Құзырлы органдар - Ішкі істер министрлігі, ҰҚК, Шекара қызметі мен Миграция комитеттері Қазақстанның әр аймағына жергілікті өңірлер басшылыққа алатын нақты іс-әрекеттер пакетін әзірлеп, қажетті нұсқаулықтарды ұсынуы тиіс. Бірінші кезекте түрлі арандату әрекеттерінің алдын алу, ұлтаралық жанжалды болдырмау, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған шараларды Мемлекеттік комиссияға ұсынуы қажет.

7.Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына - Көші-қон, Отбасы және неке тәрізді заңнамаларға күн тәртібінен туындайтын нормаларға, әсіресе ықтиярхат алу мерзімі мен азаматтық алу мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтыру енгізуге ле тура келетін сияқты.

90 күнгі ықтиярхат мерзімін қайта қарау керек. Азаматтық алу үшін қазақстандық тұрғындармен некеге отыру тәртібі қатаң қадағалануы тиіс. Бұл норма да қайта қарауға жатады. Қазір некені рәсімдеу электронды әдіспен жүргізіледі. Мұндай некеге отырушылар 3 жылдан кейін оп-оңай азаматтық алудан дәмелі. Сондықтан бұл тараптағы заң баптарын қайта қарау қажет.

8.Келгендер елдегі пәтерақы мәселесін шарықтатып жібергені мәлім. Бұдан ЖОО орындары мен колледж студенттері едәуір зардап шегіп отыр. Қыста не пәтер жоқ, не жатақхана жоқ, студенттеріміз қалай күн кешеді? Тұрақтап қалғысы келетіндердің бәріне баспана қайда?

В-Grup секілді құрылыс компаниялары уақытша баспана тұрғыза ала ма? Модульды баспана салу арқылы келгендерді арнайы лагерлерге орналастыру, сол жерде Қазақ Елінің заңдары мен тұрмыс салтымен, мәдениетімен таныстыру, мемлекеттік тілді меңгеруге үйрету амалдары жасалса қалай болады? Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келетіндер де уақытша ықтиярхатпен тұратындар да осындай ортақ талаптарды қабыл алуы тиіс.

9.ИИН алу және банктерден есепшот ашу біздің елде қиындық тудырмайды. Бұл мәселе де тиісті мемлекеттік дәрежеде қадағаланғаны жөн. Шекараның арғы бетінде тұрмыс және жұмыс бабымен өткен азаматтарымыз тығылысқан жұртпен бірдей кезегін күтіп жатыр деген де ақпарат бар. Шекара қызметі Қазақстан азаматтарына жеке жасыл коридор ашуы тиіс!

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің facebook парақшасынан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары