Ресейде ішінара мобилизация жариялағаннан кейінгі екі аптада федерация аумағынан шамамен 700 мың адам кетті, деп хабарлайды Азаттық.
Басылым мәліметінше, Кремльдегі ақпараттан хабардар бір дереккөз мобилизация басталғалы бері елден 1 млн адам кетті деп хабарлаған. Алайда президент әкімшілігіндегі тағы бір дереккөз Forbes журналына 600-700 мыңға жуық ресейлік кеткенін айтқан. Дегенмен дереккөз олардың қаншауы туристік саяхатқа шыққанын анықтау қиын екенін мойындаған.
Мұның алдында Қазақстанның ішкі істер министрі 21 қыркүйектен бері елге 200 мыңнан астам ресейлік кіргенін, олардың 147 мыңы Қазақстаннан шығып кеткенін мәлімдеген.
Дегенмен 5 қазанда жергілікті "Курсив" басылымы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне сүйене отырып, 21 қыркүйек пен 3 қазан аралығында 281 548 Ресей азаматының Қазақстанға кіргенін жазған. Осы уақыт аралығында 134 мыңнан астам ресейлік Қазақстаннан шығып кеткен.