Уәлихан Қайсаров: Сайлау алдында оппозиция біріге алмады!
Біз, оппозиция өкілдері, біріншіден, бұл биліктің халық пікірімен санаспауды 30 жыл мирас қылған бұрынғы биліктің жалғасы екенін; екіншіден, бұрынғы жалғыз адам билейтін дара биліктің жүйесін одан әрмен күшейте түскенін көре отырып, осы президент сайлауын барынша билікке қарсы пайдалана алмадық. Назарбаевтың мұрагері Тоқаевты жеңудің тарихи мүмкіндігі өз қолымызда тұрды! Оның саяси «крышасы» Путиннің әлсіреген, оған көмекке келе алмайтын ұрымтал кезін ұтымды пайдаланып қалуымыз керек еді. Алаш қайраткерлері орыс империясы әлсіреген сәттерде: алдымен – біріккен, артынан – республика құрған.
Кезектен тыс президент сайлауы дегеніміз ол – саяси пікірсайыстың ашық алаңы. Бұл кезде халыққа кімнің – кім екені тайға таңба басқандай айқындала түседі. Батыл ұйымдастырған жағдайда биліктің кім екенін жай уақытқа қарағанда, халыққа ашық айтудың бар мүмкіндігі ашылады. Қаржыландыра алсақ, президенттікке кандидаттардың мыңдаған сенімді өкілдері халықтың ішіне кіріп, ашық үгіт-насихат жүргізеді. Мемлекеттің қазынасын тонағандардан құтылудың жолдары айтылады. Қаңтар трагедиясының кінәлілерінің кім екенін алыс ауылдарға жеткізудің мүмкіндігі туады. Өйткені үгіт-насихат кезінде президенттікке үміткердің өкілдерін билік заңсыз көшеден ұстап, сотқа, қамаққа сүйреу уақытша болса да азаяды. Міне, осының бәрін оппозициялық коалиция өзара ақылдаса отырып, жүзеге асыруы қажет еді. Болмайтын әңгімеге уақыт жіберіп, коалиция осының бәрінен айырылды, ауылдың әңгімесінен аса алмады.
Мен сайлауалды Үндеуімде оппозициялық коалицияның президенттік сайлауды пайдаланып қалуын айтып, өзімнің бұл сайлауға қатысуға бел байлағанымды білдірген болатынмын. Оны оппозиция серкелері тегіс қолдайды деп үміттеніп едім. Олардың түсінгісі келмеді, құлаққа ілмеді. Өкінішті!!!
Оппозициялық серкелер деп жүрген біздер халық алдында: өткеннен сабақ алмайтынымызды, көп нәрсені саяси түсінуден гөрі, қарапайым адамдар деңгейінде түсінетіндігімізді, жеке бастықтар ұғымнан аспайтындығымызды, «партияшылдық» көзқарасқа байланғандығымызды, сондықтан да жалпы ұлттық мақсатқа жұмыла алмайтындығымызды тағы да көрсеттік. Ол – ол ма, менмін деп жүрген оппозиция серкелері билік қойған талаптардан өздері өте алмайтынын білгеннен кейін, ұлттық мақсаттан бұрын «маған болмаса, басқаға да болмасын» деген ұстанымнан аса алмады. Арамыздан праймериз өткізіп, ашық бәсекеге түсуден қашып, әділетсіз жолды таңдағандар да табылды.
Әділетті талап ету үшін, өзіміз әділеттің жолынан таймауымыз керек емес пе еді?! Ақыры ескі ауылдың әңгімесі – нәтиже бермейтін бойкотты насихаттау – қоғам тарапынан оппозицияға деген сенімді күрт жойды. Ал бұл өз кезегінде қоғамдық бірлестіктердің басшыларын екіұдай сезімде қалдырып, соңынан олардың оппозиция өкілдерінен «қашқақтауына» алып келді. Осындай кедергілерге байланысты мен және басқа оппозициялық кандидаттар президенттікке үміткер ұсынуға құқысы бар қоғамдық бірлестікті қажет уақытында таба алмағандықтан, сайыстан кеш қалдық.
Мен биліктің өзі ұстатқан саяси ашық алаңды пайдалана алмағандығымызды терең түсіне отырып, биліктің «итаршыларына жол ашып бергенімізге» өкіне отырып, президенттік сайыстан еріксіз шыққанымды мәлімдеймін. Мені қолдаған саяси белсенділер мен қарапайым азаматтарға, әсіресе менің штабтарымды құруға әрекеттенген адал белсенділерге аса ризашылығымды білдіремін! Сондай-ақ тіркелген жағдайда маған сенім артып, дауыс бергісі келген елге, жұртқа алғыс айтамын!
Соңынан айтарым, мен сіздерді бабаларымыздың аңсаған арманы – әділ мемлекет құру үшін Алаш идеологиясын ұстанған, «Алаш-Орда» партиясын құруға талпынып жатқан бізге қосылуға шақырамын! Бізде көреалмаушылыққа жол жоқ! Бізде – алқалық басқару!
«Мен жастарға сенемін» деп, Алаштың ұлы ақыны Мағжан айтпақшы, жастар, бұл сіздердің партияларыңыз! Өз партияларыңызға келіңіздер! Алдағы парламент пен мәслихат сайлауына қатысу арқылы халық пікірімен санаспауды 30 жыл мұра қылған бұрынғы биліктің жалғасы – бұл билікті әлі де болса өзгерту – сіз бен біздің қолымызда!
ДАТ газеті