27.10.2022, 12:20

Тоқаев Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді

Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны – дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы жан-жақты диалогты дамытуға зор мүмкіндік береді.

Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын атап өтті.

– Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын, – деді Шарль Мишель.

Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.