Ресейдің "астық келісімі" – украин астығы мен өзге азық-түлік өнімдерін Қара теңіздегі украин порттары арқылы тасымалдау туралы келісімнен "шығуына" БҰҰ мен "Үлкен жиырмалық" елдері қатаң жауап беруі тиіс. 29 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді, деп жазады Азаттық.
"Бұл Ресейдің Африка мен Азияны жаппай аштықта қалдыру туралы қоқан-лоққысына қайта оралуға талпынғандығының айқын көрінісі. Египет немесе Бангладеш халқының үстелінде азық болатындығын-болмайтындығын неге Кремльде отырған бір шоғыр адам шешуі тиіс?" деді сенбі күні кезекті видеомәлімдемесін жариялаған Владимир Зеленский.
АҚШ президенті Джо Байден Ресей қадамын "таза масқара жайт" деп атап, "істеп жатқан тірлігінің тәуірі жоқ" деді.
БҰҰ Ресейді келісімнен кетпеуге үндеп, Мәскеумен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Reuters жазуынша, Ресей БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке жолдаған хатында келісімді "белгісіз мерзімге" тоқтататынын, келісім аясында "азаматтық кемелердің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтынын" айтқан. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Дмитрий Полянскийдің айтуынша, Ресей сонымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен 31 қазанда "Қара теңіз флотына шабуылды" талқылауға шақырған. Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі Украинаны "Севастопольдегі Қара теңіз флотындағы кемелер мен инфрақұрылымға" дронмен "жаппай шабуыл жасады" деп айыптаған.
Ал Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба барлық мемлекетті Ресейден "аштық ойынын доғарып", өз міндеттерін орындауды талап етуге үндеді.
"Астық келісіміне" биыл 22 шілдеде Ресей мен Украина БҰҰ мен Түркия араласуымен қол қойған. Азық-түлік тиеген алғашқы кеме Одессадан 1 тамызда шыққан.
23 шілдеде украин жағы Ресейді астық келісімін бұзуға талпынды деп айыптады. Мұндай мәлімдеме жасауына Одесса порты аумағына жасалған зымыран шабуылы түрткі болған.
Украина - әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің бірі. Ресей басқыншылығына байланысты Қара теңіз порттарында миллиондаған тонна азық-түлік қалып қалған. Киев бұған Ресейді кінәлаған. Мәскеу украин жағы акваторияны миналап тастағандықтан астық тиелген кемелер шыға алмай отырғанын айтқан. Осыған дейін БҰҰ бірінші кезекте Африка мен Азиядағы кедей елдерге аштық қатері төнгенін ескерткен.