$ 448.89  477.93  4.76

Әбдуақап ҚАРА:  Түркия қазақтары Анадолыға көшіп барғанына жетпіс жыл өтсе де, тілі мен әдет-ғұрпынан айырылған жоқ

Сонымен қатар кеңестік кезеңде Қазақстандағы тыйым салынған мәселелер, атап айтқанда Алаш қайраткерлері, Қазақстандағы ашаршылық, желтоқсан уақиғалары және діни мәселелері зерттеп әлем халықтарына танытып жүрді.

Биыл Алтайдан Анадолыға қоныс аударған қазақтардың ұлы көшіне жетпіс жыл толып отыр. Бүгін сол қазақтардың Түркия мемлекетін мекендеуіне 70 жыл толуына орай Стамбул қаласында мерейтойлық іс-шара өтіп жатыр. Осы мерейтойлық дата қарсаңында Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз, белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қарадан сұхбат алған едік. Сол сұқбатты назарларыңызыға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫ 70 ЖЫЛДА ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ?

- Әбеке, Түркия қазақтарына Анадолы жерінде 70 жыл толып отыр екен. Қазақтар сіздің ойыңызша ұлттық мәдениетін сақтап қалды ма?

- Қазақтар 1952 жылы Түркияға көшіп келіп, қоныстана бастады. Содан бері 70 жыл өтті. 70 жыл ішінде олар өздерінің мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын едәуір дәрежеде сақтап қалды. Тіпті оны Түркияға, өзге әлем елдеріне де танытты. Қазақтар Түркияға келгеннен соң бір қатары Еуропа елдеріне қоныс аударды. Бірақ олар соған қарамастан тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жалғастырып отырды. Сонымен қатар кеңестік кезеңде Қазақстандағы тыйым салынған мәселелер, атап айтқанда Алаш қайраткерлері, Қазақстандағы ашаршылық, желтоқсан уақиғалары және діни мәселелері зерттеп әлем халықтарына танытып жүрді. Олар осыған байланысты үлкен ақтаңдақ беттерді толтырды деп айта аламыз.

- Сіз Түркия қазақтарының тарихын зерттеп жүрсіз? Олардың 1930 жылдардың аяғында басталып дерлік 15 жылдық ұзын салқар көштен кейін 1952 жылы алғаш Түркия барған кездегі жағдайларын қиын болса керек. Олар содан қандай кезеңдерді бастан кешірді?

Түркиядағы қазақтардың 70 жылдық өмірін жалпы екі бөлімде және алты кезең бойынша бағалауға болады: Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі 1952-1991 (шамамен 40 жыл) және Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1991-2022 жылдар (шамамен 30 жыл) аралығы.

Түрік қазақтарының әлеуметтік, мәдени өмірін жылдар өткен соң зерттегенде, оны Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі және алғаннан кейінгі  деп екі кезеңге бөліп қарастыратыны сөзсіз. Өйткені бұл өте маңызды оқиға. Осыдан кейін олардың тілі мен мәдениетін сақтау, жалғастыруда үлкен секірістік дамушылық басталды.

Олардың 70 жылдық кезеңдері былай болды:

А. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін:

1. Бейімделу процесі (жанталас) 1952-1960

2. Тарихы мен мәдениетімен таныстыру (қайта түлеу) 1960-1978

3. Мәдени институтцилану (өзін табу) 1978-1991

Б. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін:

4. Қазақстанмен алғашқы байланыстар (Сезімтал кезең) 1991-2001

5. Қазақстанмен жақындасу (Жақындасу кезеңі) 2001-2022

6. Қазақстанмен ұжымдық жұмыс (Жаңа Қазақстан кезеңі) 2022 жылдан бастап.

- Қазақтардың Түркияға келгенде алғашқы жылдары қалай болды?

- Қазақтар алдымен Ыстамбұлдағы Зейтинбұрны, Сиркежи және Тузла иммигранттық қонақ үйлерінде екі жыл тұрды. Олар тілдік және кәсіптік білім алды. Содан кейін көшіп келген қазақтардан Түркияның қай жерінде тұрғылары келетіні сұралды. Қазақтар Шығыс Түркістандағы Алтайды мекендегендей, таулы, кең жазықты аймақтарда өмір сүргісі келетінін айтты. Осылайша олар Анадолыдағы Бозтау маңындағы Маниса Салихли, Хасантау маңындағы Нигде Алтай ауылы, Невшехир Аксарай және Ержиестауы етегіндегі Кайсери Девели сияқты аймақтарға қоныстанды.

Алайда, олардың бұл өңірдегі тіршілігі өздері ойлағандай болмады. Өйткені Алтайдағыдай аң аулайтын жануарлар көп болмаған. Оның жалғыз күнкөріс көзі егіншілік болды. Бұл шаруашылықта казактардың тәжірибесі аз еді. Өйткені қазақтар кең байтақ жері бар атажұртында жазда жайлауда, қыста көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, тауда аңшылықпен күн көрген. Екінші жағынан, Анадолыдағы жергілікті ауылдардың өзі сол кезде дара егіншіліктен күн көре алмай отырған еді. Сондықтан түріктер арасында ауылдардан Түркияның ірі қалаларына қарай үздіксіз қоныс аудару болып жатқан еді. Қазақтар да солай істеп, 1960 жылдары Ыстамбұлға, онда өздері алғаш келгенде иммигранттық қонақ үйде болған Зейтинбұрныға қоныс аудара бастады. Осы тұста олардың біразы Германияға және басқа Еуропа елдеріне жұмыс іздеп көшіп кетті.

Бұл кезеңде ақшасы, капиталы, үлкен қалалық өмірге жарайтын кәсіптері мен мамандықтары жоқ қазақтар экономикалық жағынан ешкімге мұқтаж болмай күн көру үшін күресті.

- Олар бұл күресте табысқа жетті ме?

- Иә жетті. Олар көшпенділік пен қалалық өмірді тез арада ұштастыра білді. Қазақтар темір жол салу, құрылыс салу сынды істерде кірпіш тасып, тас қашап, жүк арқалап жүріп біраз ақшаға қол жеткізгеннен кейін теріден кішігірім бұйымдар жасады. Атап айтқанда қолғап, бас киім, аяққа киетін мәсі, тақия сынды қолмен тігетін бұйымдарды өндіріп сатты. Содан ақырындап сауда жасап, шағын цехтар ашып ақша таба бастады. Рулық құрамда 15-20 адамнан бас қосып капиталдарын біріктіріп үлкен тері және пластика фирмадарын да ашты. Сөйтіп олардың айналасындағылармен қарым-қатынасы арта түсті. Балалар түрік оқу орындарында білім алды. Міне сөйтіп 1970- жылдардың орталарында қазақтар Ыстамбұлда жақсы өмірге қол жеткізе бастады. Мақтанатын жағдай Түркия қазақтары еш қашан үкіметтен көмек сұраған емес. Өз еңбектерімен аяғынан тік тұрып кетті.

- Ал олар ұлттық мәдениеттеріне осы арада көңіл бөлді ме? Қиыншылық жағдайда, күн көрудің қамында жүргенде ұлттық салт-дәстүр қалай болды екен?

- Жақсы сұрақ. Күн көрудің қамы мәселесі болып жатқанда да Түркиялық қазақтар ұлттық салт-дәстүр мен тілдерін екінші орынға ысырып тастаған жоқ. Өйткені осы кезең ұлы көшті бастаған жетекшілер мен оның ішіндегі елді көрген қазақ ауылында туып өскен азаматтар көп еді. Солар Ыстамбұлда өмір сүрсе де, қазақи салт-дәстүрмен жүрді. Жаназа, той, неке, шілдехана, наурыз барлығы қазақша жүргізілді. Домбыра, сыбызғы сынды ұлттық музыкалық аспаптарды шебер ойнайтын күйшілер мен бишілер бар еді. Халық осындай жиындарда жиі араласып құраласып жүрді. Сондықтан Түркиялық қазақтардың барлығы бірбірімен қарым-қатнаста бірлік пен берекеде болды. Құдаласу, қыз алып беру барлығы қазақ ішінде болып жатты. Өзге ұлттардың өкілдерімен некелесу некен саяқ еді. Тіпті қазақтар соңғы жылдарға дейін келіспестіктер үшін сот орындарына жүгінген емес. Барлығын беделді азаматтар мен ақсақалдар ауыл арасында шешіп татуластырып отырды.

Сонымен қатар бұл кезеңде қазақтар түрік халқының өздері, яғни қазақтар туралы көп білмейтінін парықтады.

Бұл жылдары Түркияда, басқа Еуропа елдерінде қазақ халқын білетіндер жоқтын қасы еді. Негізі қазақ деген халықтың барынан бейхабарлары басым болды. Білетіндердің кейбірі қазақтарды орыс казактары деп те атайтын славян текті христиан казактармен шатастырып жатты.

Сондай-ақ Түркияда туып-өскен жас ұрпаққа өздерінің кім екенін, қайдан келгенін ұмыттырмас үшін көштің тарихы, ұлттық салт дәстүрлер туралы кітаптарды жазуды да қолға алынды. Өйткені уақыт өте келе жастардың өткенін ұмыту қаупінің тууы анық еді.

 - Ондай кітаптарды жазған Түркиялық қазақ авторлардың біразынын атын атап өтсеңіз?

Қазақ тарихы мен мәдениетіне үлес қосқан кітаптар мен мақалалар жазған авторлар Хасан Оралтай, Халифа Алтай, Хызырбек Ғайретолла, Мұхабай Энгин, Әбдіуақап Кара, Мерйем Хаким, Абдул Кайюм Кесиджи, Ибрахим Калкан және Зейнеш Исмаил сияқты есімдер.

Олар Қазақстанда Кеңестік билік тиым салған Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсын және Міржақып Дулат туралы, 1933 жылғы ашаршылық пен 1986 жылғы жастардың желтоқсан көтерілісі туралы Түркияда және Еуропада кітаптар мен мақалалар жариялады. Сонымен бірге бұл авторлардың біразы қазақ шығармаларын түрік тіліне аударған. Мәселен Хасан Оралтай мен түрік тіл ғалымы Нури Йүже екі томдық қазақша түсіндірме сөздікті түрік тіліне аударып Түркияда алғашқы қазақша-түрікше сөздікті шығарды.

Сонымен қатар Нұрғожай Батур, Ширзат Догру, Әтейхан Билгин, Абдулла Сауаш (Қожан уәзір ақсақал), Құланбай Назир, Арслан Тосун және Абдуррахман Четин көші-қон естеліктерімен маңызды үлес қосты. Осы орайда Нұрғожай батырдың естеліктері Оспан батырдың күресі туралы қазақ тарихына көптеген жаңалықтар әкелді.

1960 жылдардың екінші жартысында қазақ ақсақалдары қазақты насихаттауға қызықты бір әрекет жасады. Олар түріктің белгілі кино актөрі Картал Тибет басты рөлді ойнайтын Караоғлан (Қаражігіт) фильмдер сериясында қосымша рөл атқарады. Бұл фильмге олар ормандардан  ағаш кесіп, киіз басып алғаш рет Түркияда қазақтың киіз үйін жасап шықты. Күнделікті 2,50 лира жалақы берілді. Әйтсе де, олар «ақшасы үшін емес, туған жерді насихаттау үшін киноға түсіп жатырмыз» дейтін.

- Еуропада біраз қазақтар өмір сүргенін білеміз. Олар Түркиядан ол жаққа қалай кетіп еді?

- 1961 жылы 31 қазанда Түркия мен Германия арасында жасалған «Түрік-Неміс еңбек келісімі» нәтижесінде 1962 жылы Түркиядан Германияға қазақтар да барды. Сол жылдары Түркия жұмыс күшіне мұқтаж басқа Батыс Еуропа елдерімен осындай келісімдер жасады. Осы келісімдер аясында қазақтар 1960 жылдардың басынан 1980 жылдардың басына дейін Түркиядан Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швейцария сияқты Батыс Еуропа елдеріне, сондай-ақ Германияға барғандар көп болды. Қазір онда бес мыңдай Түркия қазағы тұрады.

 Бір қызығы, 1960 жылдардың ортасында Берлинге алғаш барған қазақтар Мұстафа Шоқайдың бейітін бірден іздеп, барлық бейіттерді ақтарып, ақыры тауып алған. Бұл Шоқайдың қазақ арасында үлкен құрметке ие болғанын көрсетеді.

- Қазақстанның тәуелсіздік алуы Түркия қазақтарының тұрмысы мен мәдениетіне қалай әсер етті?

1991 жылы жарияланған Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия бірінші болып мойындады. Бұл оқиға түрік казактарының тарихындағы ең маңызды оқиға болып табылады. Ұзақ жылдар кеңестік гегемонияда болған Қазақстанның көк туын желбіретіп, тәуелсіз мемлекет болуы Түркия қазақтарын мәңгілік бақытқа батырды. Тұрғыт Өзалдың жетекшілігімен Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін бірден мойындауы осы бақытты еселеп өсірді. Содан бері екі бауырлас елдің достық қарым-қатынасы күн санап нығайып келеді. Осылайша түрік казактары туған жерімен емін-еркін қарым-қатынасқа түсіп, тіпті визасыз елге бару мүмкіншілігіне ие болды. Бұл өз кезегінде ондаған жылдар елсіз, отансыз жетім баланын күйін кешкен түрік казактары үшін өлгені тіріліп, өшкені жанғандай үлкен табыс және үлкен бақыт болды.

Ел тәуелсіз болғаннан кейін Халифа Алтай мен Мұстафа Өзтүрік атамекенге дереу атбасын бұрып, қоныстанды, дін және спорт саласында жанқиярлық істермен айналысты. Екеуі де осы қызметті өмірінің соңына дейін туған жерінде жалғастырды.

- Түркия қазақтары Қазақстан Кеңес Одағы кезінде тиым салынған мәселелерді және рухани құндылықтарды әлемге танытып жүрді дедініз. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл салада елге қосқан үлестері бар ма? Бар олса олар қай салада?

- Әлбетте бар. Оның басында Халифа Алтай атамыздың рухани-діни саладағы қызмметтері тұрады. Атап айтқанда ол Кеңестік биліктің ұлттық-діни мәдениетінен алшақтатқысы келген қазақ қоғамына діни құндылықтар мен рухани құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында дін саласында өте маңызды қызметтер атқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Алматыға орналасты. Оның діни қызметтерінің құндылығын бүгінде жақсы байқалып отыр. Бүгінгі таңда ислам саласындағы экстремистік діни ағымдар Қазақстан мұсылмандары үшін проблема туғызуда; ал халифа Алтай Кеңес дәуіріне дейінгі дәстүрлі қазақ исламының өкілі болған. Өйткені ол шыққан қазақ қоғамы дүние жүзіндегі қазақтар арасында коммунистік және атеистік езгіге ұшырамаған дара қоғам болғандықтан, олар осы құндылықтарды бүгінге дейін сақтап келген еді. Оны зерттеп Қазақстанға насихаттаған Халифа Алтай болды.
Осы орайда Түркия Қазақтары 1990- жылдың басында Гүнешли Қазақкент қаласындағы Хожа Ахмет Ясауи ғылым және ірфан қорын да ашты.  Сол қор Моңғолия мен Қазақстаннан келген студенттерге Ыстамбұлда діни білім алуына зор көмек берді.

Сонымен қатар дін саласында Түркия қазақтарынан шыққан Абдулла Гезер, Байрам Экер, Миллатхан Окытан және Рамазан Йүксел есімді ұстаздар Қазақстанда қызмет еткен, кейбіреулері әлі де етуде.

Бұл турасында қызық бір уақиға Еуропада болған. Айта кетейік, Швецияда қазақтар шіркеу сатып алып, мешітке айналдырып, сол арадағы мұсылмандарға үлкен қызмет жасап келе жатыр.

Ұмытылу алдында тұрған Қаражорға биін күллі Қазақстанға, әлемге танытқан Түркия қазақтарының бірі Аслан Тосун еді. Бүгінде ол тойлардың таптырмас биіне айналды.

Міржақыптың күйі Түркия қазақтарының арасынан табылды. Оған дейін Қазақстанда Алихан және Ахмет Байтұрсын әуез күйлері бар екен. Тек Міржақып күйі табылмапты.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында Зейтинбұрында бір көшеге Абай есімі берілді. Түркия қазақтары қоғамдары мен Мәдениет министрі Талат Мамашев, қазақстандық делегация және сол кездегі Ыстамбұл мэрі, Түркия Республикасының қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірге көшенін тұсаукесер рәсімін жасады. Осыдан кейін Түркияның біраз қалаларында Абай, Абылай Хан, Қабанбай батыр, Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіштері, Мұстафа Өзтүрік саябағы ашылды.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін Түркия қазақтары Анатолия жеріне Ауғанстан, Иран, Иордания, Сауд Арабиясы, Шығыс Түркістаннан келген қазақтарға әр қашан қол ұшын созды. Оларға көмек берді.

- Осы 70 жылдан кейін Түркия қазақтарының Қазақстанмен байланыстары қалай болады деп ойлайсыз?

- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» жасау үшін жаңа реформаларға бастайтынын мәлімдеді. Осы реформаларда шетел қазақтарына да орын беріледі деп үміттенем. Өйткені жұмсақ күш ретінде қазақ диаспораларын күшейту аса маңызды. Осы тұрғыда биыл Түркиялық қазақтардың 70 жылдық мерейтойының Қазақ үкіметінің қолдауымен кең ауқымды тойлануы және алғаш рет кең көлемді түсірілген Түркия қазақтары деректі фильмі мұның бастамасы іспетті.

Романтикалық немесе эмоционалды кезеңді артқа тастап, Қазақстанның мемлекеттік мүдделері мен дамуына қызмет ететін, ұтымды және қисынды кезеңге көшуі сондай-ақ, Түркия қазақтары мен өзге шетел қазақтарын жұмсақ күш диаспора ретінде бағалап оларды тек көші-қон саясатынын обьектісі емес, сонымен қатар орнында сақтап күшейту саясатынын бір бөлегі ретінде көріп бір диаспора саясаты белгілеуі аса қажет болып отыр.

 - Сөз соңында айтарыңыз бар ма?

 - Сөз соңында Түркия казактары 70 жыл бойы өз мәдениеті мен дәстүрін қалай сақтап қалды? Сондай-ақ олардың жоғарыда аталғандай елге деғен сүйіспеншілік пен қызметтері, жалпы Түркия келген сандарының 1850 екенін ескерсек, орасан зор. Ал олардың аталары жоғары білімді адамдар емес бола тұра мұндай отансүйгіштікке қалай жетіп отыр деген сұрақтың жауабын ғалымдар іздеу керек.
Әрине, бұл ретте бауырлас Түркия Республикасы тарапынан жасалған қолайлы жағдай мен қолдаудың да маңызы зор. Бірақ осы ортаны тиімді пайдаланған жоғары оқу оқымаған казактардың аталары мұны қалай жүзеге асырды? Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы қазақтың көшпелі тұрмысында болса керек. Өйткені қазақтардың рулық-туыстық жүйедегі өмір сүру дәстүрі күшті. Түркиялық қазақтар соңғы жылдарға дейін осы дәстүрді сақтаған. Сонымен қатар Түркиялық қазақтың көште болған аталарының елде жүргенде ауылда мықты қазақи мәдениетке ие болғандарын да айта аламыз. Демек қазақтың дала мәдениеті іргелі мәдениет. Оның қадір қасиетін жақсы білейік, ағайын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары