23.12.2022, 12:40

Президент: «Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз»

Қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабардайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент өз сөзінде қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.

– Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады.

«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.

Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.