25.12.2022, 10:38

Сенат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталды

Сенат депутаттарын сайлау 2023 жылдың 14 қаңтарында өтеді.

Парламент сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. 

"ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18:00-де ҚР парламенті сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу тоқтатылды. Осылайша кандидаттар ертеңнен бастап сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Үгіт-насихат 13 қаңтарға дейін жалғасады", - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.

ОСК ұсынған мәліметке сәйкес, жоғарғы палатаға келуге барлығы 130 адам ниет білдірген, соның 66-сы құжатын толық тапсырып, ресми түрде кандидат ретінде тіркелді. Олардың орташа жасы – 51,8. Сенат депутаттығына үміткерлердің 69,7%-ы - ер адам, 30,3%-ы - әйел.

Айта кету керек, кандидаттардың 95 пайызы - өзін өзі ұсынғандар. Үлкені 67 жаста болса, ең жасы 31-де.

Сенат депутаттарын сайлау 2023 жылдың 14 қаңтарында өтеді.