Каспий теңізі соңғы 15 жылда 2 метрге тартылған. Ал, биыл жаздан бері судың деңгейі тіпті, қатты жылдамдықпен түсіп барады дейді, мамандар. Көк айдынның ахуалы қазір көпті мазалап отыр. Осы мәселеге Мемлекет басшысының өзі алаңдаушылық танытып, теңіздің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырды. Жаңа ұйым қашан және қайда құрылып, қандай зерттеулер жүргізбек?
Ақтауда туып-өскен Еламан Төлеев бала күннен теңіз десе, ішкен асын жерге қояды. Ол 10 жасынан бастап, қыста суық суға шомылуды да үйренген. Қазір 25 жастағы жігіт осылай салауатты өмір салтын ұстанады. Тек өкініштісі, үйренген жағалаудың суы тартылып, түсу мүмкін болмай қалған.
"Енді қазір басқа жерлерді іздеп өзімізге сол орын тауып, секіріп, шомылып жүрміз. Бірақ тереңдігін білмегендіктен кішкене сескеніп қорқып шомыламыз. Біздің де артымыздан жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Мына кеуіп бара жатқан теңіздің қызығын көре алама, көре алмай ма мен содан қорқамын", - дейді қала тұрғыны Еламан Төлеев.
Теңіздің деңгейі мына бағана арқылы өлшенеді. Қазір су 60 см-ге де жетпей тұр. Мамандар теңіз суының қарқынды түрде тартылып бара жатқанына дабыл қағуда. Олардың айтуынша, соңғы 5 жылда теңіз суы 60-70 см-ге төмендеген.
Ольга Бачкова метеостанцияда 40 жылдан бері жұмыс істейді. Айтуынша, осы кезге дейін су деңгейін өлшейтін бағана 4 рет төмен түсірілді. Себебі, теңіз тартылған сайын бағанадағы өлшем бірліктері жетпей қалады. Теңіз деңгейі 80-ші жылдары жақсы көтерілген, дейді. Бірақ содан бері тек төмендеп келеді.
"Біз тек бақылап отырамыз. Әр өлшеген сайын төмендегенін байқаймыз. Бұл мәселеге ғалымдар кірісу керек. Тек Маңғыстаудағы емес, Каспийдің жағасындағы барлық метеостанциялардағы көп жылдық мәліметтерді салыстырып, нақты себебін анықтау қажет деп ойлаймын", - дейді метеостанция қызметкері Ольга Бачкова.
Президент Маңғыстау облысына жасаған сапарында «Каспий теңізін зерттеу институтын құруды» тапсырған еді. Осыған байланысты қазір Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп, тұжырымдама әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша, институт келесі жылдың соңында ашылады. Бірақ қайда құрылатыны әзірге белгісіз.
"Институт негізінен осы Каспий теңізінің таяздануын, биоалуантірлігін, экожүйесін зерттейді деп жоспарлануда. Не себепті таязданып жатыр, қай өзендерден су жеткіліксіз келіп жатыр соның бүкілі зерттелетін болады деп қазіргі таңда жоспарлануда. Экология жағынан да сонымен қатар трансшекаралық өзендердің келуі жағынан да мұқият қаралады", - Су ресурстары комитетінің баспасөз хатшысы Ақылжан Қартбаев.
Жаһандық жылыну салдарынан теңіз суы қарқынды булануда. Оның үстіне жауын-шашын аз. Сонымен қатар, Каспийге Еділ мен Жайық өзендерінен келетін судың көлемі азайған. Теңіздегі су деңгейінің төмендеуіне әсер етіп жатыр факторлардың бірі осы дейді мамандар. Қалған себептерін ғылыми түрде зерттеу керек.
qazaqstan.tv