27.01.2023, 14:40

Тоқаев Астана әкіміне бірқатар тапсырма берді

Фото: akorda.kz
Астанада 100 мың орындық 25 мектептің құрылысы биыл басталады.

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке қаланың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және осы жылға арналған жоспары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елорда әкімдігі әлеуметтік нысандар салуға, елді мекендерді дамытуға, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтауға, жеке инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Жеңіс Қасымбек «Жайлы мектеп» жобасының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Ұлттық жоба аясында жаңа форматтағы 100 мың орындық 25 мектептің жобасы жасалып жатыр. Мектептердің құрылысы биыл басталады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына ауызсу станциясы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылыстарының барысы туралы мәлімет берілді. Мысалы, ССС-3 станциясының қуаты тәулігіне 100 текше метрден астам суды тазалап, жеткізуге жетеді. «Тұран» газ жылу станциясы 8 миллион шаршы метр тұрғын үйді жылытуға қауқарлы. Тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.