$ 482.86  533.17  5.08

«Ұлттық қордан 1,5 триллион теңге аударылған»: Ерлан Сайыров Jusan bank жұмысына қатысты үлкен былықтың бетін ашты

Қазіргі таңда 650 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды.
фото: baq.kz
фото: baq.kz

Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл нені білдіреді? VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерлан Саиров түсіндіріп берді, деп жазады  Massaget.kz. 

Бас прокуратура таратқан деректерге сәйкес, Алматының Бостандық аудандық соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын Қазақстаннан шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару жөнінде комиссия құрған болатын. Комиссия Бас прокуратураның жанында жұмыс істеп жатыр. Сол уақыт ішінде Қазақстанның ішіндегі заңсыз жекешелендірілген, біреудің қолына кетіп қалған, сонымен қатар, заңсыз шетелге кетіп қалған капиталды қайтару жөнінде жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда 650 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды", - дейді Ерлан Саиров. 

Сонымен қатар, көптеген бизнес нысан, Астана мен Алматы қалаларындағы жерлер, ауылшаруашылық жерлері мемлекет иелігіне қайтқан. 

"Соның ішінде, еліміздегі бұрынғы "Цесна банк" қазіргі Jusan bank-ке қатысты сұрақтар болған. Себебі Jusan bank жұмысын жалғастыруы үшін Ұлттық қордан 1,5 триллион теңге аударылған. Яғни Jusan bank-те әлі күнге дейін Ұлттық қордың ақшасы бар. Осы банк белгілі бір былықтың нәтижесінде Қазақстанның юрисдикциясынан шығып кетті деген ақпарат тараған. Соны Бас прокуратура тексеріп, Jusan bank-ты Қазақстанға қайтару жөнінде жұмыстар жүргізіп жатыр", - дейді Саиров. 

Оның сөзінше, бұл елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру және заңсыз капиталды еліміздің иелігіне қайтару жөніндегі еңбек болып саналады. 

"Менің ойымша, бұл өте дұрыс. Бұл мәселені біз қоғамдық дәрежеде көтердік. Бас прокуратура бүгін қоғамның айтқанын тыңдап, еліміздің ұлттық игіліктерін мемлекетке қайтаруда бірлесіп жұмыс істеп жатыр", - дейді Ерлан Саиров. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары