$ 498.34  519.72  4.85

Шетелдік ғылыми тағылымдама: өзгерістер мен жаңартулар

2023 жылы «Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies» сынды әлемдік рейтингтерге кіретін үздік компанияларда жұмыс істейтін стипендиаттар үшін еңбекпен өтеу мерзімін шегеру енгізіледі.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Білімде шекара жоқ. Қазіргі таңда оқимын, білімімді шыңдаймын деген дарынды жастардың кез келген елге барып, тең дәрежеде білім алуына толық мүмкіндігі бар десек қателеспейміз. 

Президент Қасым- Жомарт Тоқаев «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі» деп атап өткен болатын. Қазір еліміздің жарқын болашағы үшін жасалған мүмкіндіктер жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда . Ол үшін тек жаңа кәсіптерді, дағдылар мен білімдерді игеру мен үнемі жетілуге деген талпыныс қажет. Skifnews.kz ақпарат порталы халықаралық бағдарламалар аясында жастардың шетелде тағылымдамадан өтуге деген сұранысы қандай және тәжірибе жинақтаған мамандардың қандай нәтиже көрсетіп жатқандығы жайында ақпарат жинақтады.

Сандар сөйлесін
«Болашақ» бағдарламасының баспасөз қызметінің берген статистикасына сүйенсек, тағылымдамадан өтуге ниет білдіргендердің жалпы саны 20%-ға артқан. Былтыр комиссия кандидаттардың 1700 өтінімін қарастырып, 461 қазақстандыққа стипендия тағайындалған.

Сонымен қатар, әлемдегі ең беделді университеттерде оқуға ниет білдіргендердің қарқыны да жоғары деп бағалауға болады. Мысалы, бүгінгі таңда Ұлыбританиядағы стипендиаттарымыздың 70%-ы Оксфорд университеті сынды ең беделді жоғары оқу орындарынан тұратын Russel group-та білім алып жатыр. 50 қазақстандық АҚШ-тағы Гарвард, Принстон, Йель секілді әлемдегі үздік оқу орындарының Шырмауық лигасында білімін шыңдауда. 

Бүгінгі таңда мониторингтегі 859 стипендиаттың 670-і «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік жетекші ЖОО-ларда академиялық білім алып жатыр, 14 адам тағылымдама бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыруда. Сондай-ақ 175 ғалым әлемдегі үздік ғылыми орталықтар мен ұйымдарда ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. 

Басымдық берілген мамандықтар
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алушылар үшін техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Биыл инженерлік-техникалық және медициналық мамандарға арналған жеңілдіктер бекітілді. Енді олар алдымен тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарына жеңілдетілген шарттармен түсе алады.

Жоғарыда атап өткендей, биыл президент тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріліп отыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарына гранттар саны 60%-ға дейін көбейген. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлердің квоталық санаты бекітілді. Бұған дейін іріктеуге жеңілдетілген шарттармен ауылдық жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын.

Өзгерістер мен жаңартулар
«Болашақ» стипендиясы аясында қоса қаржыландыру тетігі енгізілді. Яғни, үміткер шетелдік жоғары оқу орнынан грант ұтып алса, мемлекет оның тұру, тамақтану, ұшу, оқулықтар сатып алу сияқты қалған шығындарын өтейтін болады. Бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге, жоғары оқу орындар географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға дейін қысқартылды. Атап айтқанда, Республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек өтілі 5 жылдан 4 жылға, өңірлерде – 3 жылдан 2 жылға қысқартылады.

Бұған қоса, 2023 жылы «Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies» сынды әлемдік рейтингтерге кіретін үздік компанияларда жұмыс істейтін стипендиаттар үшін еңбекпен өтеу мерзімін шегеру енгізіледі. Академиялық оқуды аяқтағаннан кейін болашақтықтардың бір жыл бойы халықаралық корпорацияларда тәжірибе жинақтап, бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндігі болады.

Үміткерге қойылатын талаптар 
Бағдарлама арқылы ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары тізіміндегі оқу орнынан шақыртудың болуы – стипендия тағайындау бойынша конкурсқа қатысу үшін қойылатын негізгі талап.  Айта кетерлігі, бұл тізім үш халықаралық рейтинг бойынша алдыңғы қатардағы 250 жоғары оқу орындары тізіміне енетін және басым мамандықтардың дайындығы бойынша көшбасшы болып саналатын университеттерді көздейді.  

Ал квота бойынша үміткерлерге келетін болсақ, олардың кемінде 1 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Мұнда айта кететін басты мәселе, оларға шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейді. 

Сонымен қатар,  биыл Орталықтың бастамасымен конкурстық іріктеу процесін жетілдірудің және тиімділігін арттырудың мақсатында,  кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа ережеге сай үміткерлердің барлығы бірдей шет тілі бойынша сертификатты тек шетелдік жоғары оқу орнына ғана тапсырмай, сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығына да ұсынады. 

Жалпы, мемлекет басшысы әрқашан ел болашағы жастардың қолында екенін және оларға барлық мүмкіндіктердің жасалуын қадағалап, назарынан тыс қалдырған емес. Әрбір Жолдауы мен Үндеуінде жастар тақырыбын, олардың қуатты әрі дамыған мемлекет құрудағы рөлін, келешек ұрпақтың маңыздылығын атап өтеді.

«Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», - деген болатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ел үмітін ақтайтын жастардың қолдауы бар екенін осыдан көруге болады. Оның қадірін білетін, мәнін сезіне алатын ұрпақтың көбейіп келе жатқандығы әрине көңілге сенім ұялатады. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары