Бүгін Астанада 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алғашқы алауы тұтатылады. Одан кейінгі бес күн бойы республикамыздың әрбір облыс орталығында алауды тұтатуға арналған өз салтанаты өтеді.
Елордадағы эстафета екі кезеңге бөлінген. Алау көтерушілер 3,5 сағатта қаланың орталық көшелері бойымен жүгіріп өтеді. Бірінші кезең «Назарбаев Университетінен» басталып, «Бәйтерек» монументіне дейінгі аумақты қамтиды. Екінші кезең «Бәйтерек» монументінен басталып, оң жақ жағалаудағы қала әкімдігінде өз мәресіне жетеді. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 12 шақырымды құрамақ. Алауды барлығы 60 адам көтереді, олардың арасында белгілі спортшылар және Астананың қоғамдық қайраткерлері бар.
Алау көтеруші құрметіне ие болған тұлғалардың бірі – бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Рио-де-Жанейродағы 31-ші Жазғы олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов.
Сондай-ақ, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионы, «Астана Арландары» құрамында 2015 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионы, Рио-де-Жанейродағы 31-ші Жазғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит елорда көшелері бойымен Эстафета алауын көтеріп өтеді.
Сонымен қатар, гір көтеру спортының шебері, 2014 жылғы Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2012 жылғы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы, 2010-2014 жылдар аралығындағы ҚР-ның бес дүркін чемпионы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлібек Наурызбайұлы алау көтеруші құрметіне ие болды.
2016 жылғы Әбу-Дабидегі джиу-джитсудан әлем чемпионы, «Arlan Grip Selection» халықаралық жарысының чемпионы, ҚР-ның бразилиялық джиу-джитсудан чемпионы Мөлдір Мекенбаева да 25 қаңтарда алау эстафетасына қатыспақ. Қазір бірнеше спорт түрлерімен белсенді түрде шұғылданып жүрген Мөлдір ҚР-ның не-вазадан чемпионы (джиу-джиутсудың бір саласы, онда басты көңіл қарсыласты жерде күресуге тартуға бөлінеді), Астана қаласының не-вазадан чемпионы, грэпплинг бойынша түрлі жарыстардың чемпионы және жүлдегері болып табылады.
28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алау эстафетасына спортшылармен қатар, қоғамдық қайраткерлер, білім саласының белсенді үздіктері қатысады. Олардың қатарында шахматтан 18 жасқа дейінгі әлем чемпионы, әйелдер арасындағы Орталық және Орта Азия чемпионы, 12 жасқа дейінгі және 15 жасқа дейінгі әлем вице-чемпионы, ҚР-ның бірнеше дүркін және абсолюттік чемпионы, белгілі қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова да бар.
Қазақстандық хоккейші, ҚХЛ-да ойын көрсететін Астана «Барысының» қорғаушысы, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2012-2014 жылдар аралығындағы чемпионаттардың жүлдегері Мәдияр Ыбырайымбеков алауды елордадан Универсиаданың ашылу салтанатына дейін жеткізетін алау көтеруші ретінде таңдап алынды.
Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолды өтіп, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүгіріп өтпек. Ұйымдастырушылар жобаны 16 дербес бөлікке бөліп, әр облысқа іс-шараны өздеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Осылайша Алау эстафетасы Универсиада географиясын бір қаладан тұтастай бүкіл ел ауқымына дейін кеңейтпек.