Алматыда өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында конькимен жүгіруден жарыстар өтуде. 1500 метр қашықтықта бақ сынаған студент қыздар арасында қарағандылық Екатерина Айдова үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, жарыстың қола жүлдегері атанды.
Айта кету керек, спорт мамандары Екатерина Айдованың алтыннан үмітті екенін жарыс алдында болжаған еді. Дегенмен, жерлесіміз Ресей мен Жапония спортшыларына жол беріп қойды. Тиісінше, бұл қашықтықтың "алтыны" Александра Качуркинаға, "күміс" медалі Нана Такахашиге бұйырып отыр.
Айта кетейік, Айдованың жүлдесі Қазақстан қоржынындағы төртінші медаль. Бұған дейін спортшыларымыз бір күміс және екі қола медаль иеленген еді.