Фристайлшы Дмитрий Рейхерд Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың бесінші алтын медалін Қазақстан қоржынына салды.
Могулдан өткен финалдық кезеңде Рейхерд 79.94 ұпай жинап, ең жоғары нәтиже көрсетсе, қазақстандық тағы бір фристайлшы Павел Колмаков 76.95 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Ал, екінші орын Ресейден келген Сергей Шимбуевтің еншісінде.
Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында 12 медаль бар. Оның бесеуі - алтын, екеуі - күміс және бесеуі - қола. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз екінші орынға нық табан тіреген.
Айта кетейік, бүгін таңертең әйелдер могулынан өткен жарыста Юлия Галышева Қазақстанның қоржынына төртінші алтынды салған болатын.