03.02.2017, 09:41

Универсиада-2017: Қазақстан қоржыны тағы 2 алтын медальмен толықты

Алматыда өтіп жатқан 28-қысқы Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар қоржынға тағы екі алтын медаль салып отыр. Алдымен фристайлшы Юлия Галышева үздік шықса, артынша дәл осы спорт түрінен Дмитрий Рейхерд те жеңіс тұғырына көтерілді деп жазады Vesti.kz.

Параллельді могул сайысының финалында Юлия Галышева ресейлік Елизавета Безгодовамен сынға түсіп, 17:8 есебімен жеңіске жетті.

Бұл Универсиада ойындары барысында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жетінші, ал Юлия Галышеваның жеңіп алған екінші алтын жүлдесі. Бірінші алтын жүлдесін отандасымыз 2 ақпан күні могул сайысында жеңіп алған болатын.

Ал, фристайлшы Дмитрий Рейхерд Қазақстанға Универсиаданың сегізінші алтын медалін алып берді. Финалда Рейхерд ресейлік Сергей Шимбуевты озып шықты. Бұл сында бағын сынаған екінші отандасымыз Павел Колмаков қола жүлдегер атанды.

Рейхердтің алтыны Қазақстан құрамасы үшін сегізінші, спортшының өзі жеңіп алған екінші алтыны болды.