04.02.2017, 15:19

Денис Тен Универсиада ойындарының чемпионы атанды

Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына оныншы алтын медаль түсті. Ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан ең үздік өнер көрсеткен қазақстандық Денис Тен жарыс жеңімпазы атанып отыр. 

Айта кетейік, кеше өткен қысқа бағдарламаның нәтижесінде Денис Тен 94,91 ұпай жинап, 24 спортшының арасынан сытылып бірінші орынға шыққан еді. Бүгін еркін бағдарламада төрешілер қазақстандық спортшының өнеріне 172,06 ұпай беріп, жалпы есепте Денис Тен 266,97 ұпаймен алтын жүлдені иеленді.

Бұл сайыста екінші орын Кэйдзи Танакаға бұйырса, қола жүлде Швеция өкілі Александр Майоровқа бұйырып отыр.

Мәнерлеп сырғанау жарысында өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық спортшы Абзал Рахымғалиев болса 204,23 ұпаймен небәрі 11-ші орынға табан тіреді.