Оңтүстікамерикалық ESPN телеарнасының журналисі Фернандо Барбоза қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен британдық Билли Джо Сондерс арасында өтетін жекпе-жектің дәл уақытын хабарлады.
"GGG — Сондер жекпе-жегі 10 маусымда Қазақстанда өтеді деп жоспарлануда. 18 наурыз күні GGG Джейкобспен кездеседі. Бірақ, бұл ақпаратты әлі ешкім ресми хабарлаған жоқ", - деді Барбоза өзінің Твиттер-парақшасында.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Головкин мен Сондерс Астанада ЭКСПО көрмесінің қарсаңында жұдырықтасады деп хабарланған болатын. Артында бұл ақпаратты Халықаралық көрменің баспасөз қызметі де растады.
Айта кету керек, Головкин мен Сондерстің промоутерлері өзара жекпе-жек ұйымдастыруды 2016 жылы жоспарлаған болатын. Алайда, келіссөздер нәтижесіз аяқталған еді.