Кәсіпқой бокстан орта салмақта Қазақстан намысын әлемдік аренада қорғап жүрген даңқты боксшылар Геннадий Головкин мен Қанат Ислам EXPO-2017 көрмесі аясында Астанада өтетін бокс кешінде өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір шараны ұйымдастырушылар қос боксшының промоутерлерімен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. "Геннадий Головкинмен ЭКСПО өкілдері келісім жүргізуде. Ал, Мәдениет және спорт министрлігі Қанат Исламмен ортақ шешімге келудің жолдарын қарастырып жатыр. Біз еліміздің ең даңқты боксшыларын жинауды көздеп отырмыз. Бүгінде Қанат Исламның промоутерімен келіссөз жүрді. Енді олар Қанатқа қарсылас іздеп, дүниежүзілік бокс федерацияларымен келісімге келуде", - деді А.Мұхамедиұлы.
Боксшылардың өздері Астанадағы бокс кешіне қатысуға келісімдерін берген екен. Енді оларға тек лайықты қарсылас табу керек. "Боксшылардың өздері дайын. Мәселе жай қарсылас табуда ғана емес, лайықты қарсылас табуымыз керек. Біздің боксшыларымыз өз жекпе-жектері үшін ешқандай гонорар алмайтындарын айтып отыр. Ал, бокс кеші не "Астана-Аренада", не "Сарыарқа" велотрегінде өтеді", - деп атап өтті минситр.