21.02.2017, 03:22

Азиада-2017: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті

Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында қазақстандық шаңғышы Ринат Мухин 15 шақырым қашықтықты бағындыруда алдына жан салған жоқ.

Қашықтықты 41 минут 25,3 секундта бағындырған жерлесіміз мәрені бірінші болып кесті. Тиісінше, күміс және қола жүлделер жарыс қожайындары жапон шаңғышыларына бұйырды.

Дәл осы сайысқа қатысқан қазақстандық үш шаңғышы Сергей Черепанов, Николай Чеботько және Ердос Ахмадиев төртінші, бесінші және алтыншы орындарды иеленді.

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін бұл Азиада ойындарындағы алғашқы алтын жүлде және үшінші медаль. Әйелдер арасында жарысқа түскен шаңғышы қызымыз Елена Коломина екі қашықтықта сынға түсіп, алдымен күміс, кейін қола жүлдегер атанған болатын.