Конькимен сырғанаудан қазақстандық Денис Кузин Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды.
1000 метр қашықтықты 1:09.64 минутта бағындырған отандасымыз жарыс жеңімпазы жапон Такуро Одаға небәрі 0.31 секундқа қалып қойды. Бұл сайыста үшінші орын тағы бір жапон конькишісі Шунсуке Накамураға бұйырып отыр.
Дәл осы жарысқа қатысқан қазақстандық Станислав Палкин, Роман Креч және Федор Мезенцев тиісінше 8-ші, 10-шы және 12-ші орындарды иеленді.
Кузиннің медалі Азиадада Қазақстан қоржынына түскен төртінші жүлде. Бұған дейін шаңғышы Ринат Мухин алтын жүлдегер атанса, Елена Коломина қоржынға бір күміс және бір қола медаль салды.