23.02.2017, 03:48

Азиада-2017: Галина Вишневская Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды

Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская 7,5 шақырымға созылған спринтте ұлттық құраманың қоржынына үшінші алтын медальді салды. Жапонияның Саппоро қаласында қысқы Азия ойындарының өтіп жатқанын айта кетейік.

Аталған қашықтықты қазақстандық шаңғышы қыз 20:32.6 минутта бағындырып, басты бәсекелесі саналған қытайлық қыздан 24.2 секундқа озып кетті. Ал, үздік үштікті тағы бір отандасымыз Алина Райкова қорытындылап отыр. Ол Вишневскаядан 50 секундқа қалып қойды.

Бұл жарысқа қатысқан Қазақстанның тағы екі шаңғышысы Дарья Усанова мен Анна Кистанова тиісінше төртінші және бесінші орындарды иемденді.

Айта кетейік, қоржынында 12 медалі бар Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтаған. Көш басында 12 алтын медальмен Оңтүстік Корея тұрса, екінші орындағы Жапонияның бір алтын медалі кем. Ал, 6 алтын медалі бар Қытай болса үшінші орынға нық табан тіреген.