27 ақпанда Астана қалалық Әділет басқармасында қоғамдық бірлестік ретінде «Астана қаласының жеңіл атлетика федерациясы» тіркеуге алынды, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың 16 ақпанында өткен конференция барысында бірлестіктің құрылтайшылары бірауыздан «Астана қаласының жеңіл атлетика федерациясының» президенті ретінде Егемберді Ерғали Қуандықұлын сайлады.
Федерацияның мақсаты – балалар және жасөспірімдер мен ересектер арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, жеңіл атлетиканы бұқаралық спорт түріне айналдыру.
«Біздің алға қойған мақсатымыз - жастардың спорт жолында жоғары жетістіктерге қол жетулеріне септігімізді тигізу. Осы мақсатта әр түрлі деңгейлердегі жарыстар өткізу көзделіп отыр. Біз спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосамыз.»,- деді өз сөзінде Ерғали Егемберді.
Айта кетейік, қалалық және облыстық федерациялардың жұмыстарын қадағалаумен Қазақстан республикасының жеңіл атлетика федерациясы айналысады.