Биыл қыркүйек айында кәсіпқой бокстан орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иесі Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) екінші орта салмақта өнер көрсететін мексикалық Хильберто Рамиреспен (34-0, 24 КО) жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы мексикалық боксшының промоутері Боб Арум мәлімдеп отыр.
Оның айтуынша, Головкиннің командасы Сауль "Канело" Альвареспен келісімге келе алмаса, GGG Рамиреспен жұдырықтасуға келісімін берген. Рамирестің екінші орта салмақта WBO чемпиондық белбеуінің иесі екенін айта кету керек.
"Егер Рамирес сәуірде өтетін жекпе-жекте Бурсакты жеңсе, Головкинмен жұдырықтасуға дайын. Біз Том Леффлермен келісімге келдік", - дейді Арус BoxingScene.com порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 22 сәуір күні Рамирес чемпиондық атағын қорғау үшін украин боксшысы Максим Бурсакпен (33-4-1, 15 КО) кездеседі. Мексикалық боксшының өзі дәл қазір Головкиннен бұрын алда болатын жекпе-жегі туралы көп ойлайтынын мәлімдеп отыр.
Головкиннің өзі болса 18 наурызда Нью-Йоркте Дэниэл Джейкобспен өтетін кездесуге қызу дайындық үстінде.