Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам өзінің 18-жекпе-жегін өткізіп, колумбиялық қарсыласын 5 раундта сұлатып салды, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Қытайдағы қандастарымыздың senkazakh.com сайтының жазуынша, Қанаттың кезекті жекпе-жегі 7 тамыз күні (Қазақстан уақыты бойынша бүгінгі таң) Колумбияның портты қаласы Барранкильяда өткізілді. Бұл - Қанаттың Латын Америкасы чемпиондық белбеуін екінші рет қорғауы.
Естеріңізге сала кетейік, колумбиялық Фидел Мантерроса осы айқасына дейін 43 кездесу өткізіп, оның 32-сін өз пайдасына шешкен. 26 рет жекпе-жегін мерзімнен бұрын аяқтаса, 9 кездесуінде жеңіліп, 1 кездесуде тең түскен.
Ал қандасымыз осыған дейін 17 кездесу өткізіп оның бәрінде жеңіске жеткен. Оның 14-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Бүгін 18-жеңісіне қол жеткізді. Сонымен қатар, бұл - оның 15-ші нокауты.