08.08.2024, 12:40

«Дәкеңнен кейін алтын көмедік…»: Спорт журналисі бокс федерациясының жұмысын сынға алды

Фото: instagram/kazhenov.aslan

Небір жаңа есімдер пайда болуы керек еді...

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов соңғы жылдары Олимпиададан жүлде бұйырмаған қазақ спортшыларының дайындығы сылбыр екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"8 жыл өтіпті ғой. Осы аралықта небір чемпиондар шығуы керек еді. Небір жаңа есімдер пайда болуы қажет еді. Өкінішті. Пауза тым ұзаққа созылып кетті…", - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әлеуметтік желідегі оқырмандар Ұлттық құраманың бас бапкерін ауыстыру керегін айтады. Сондай-ақ, спортшыларымыздың тактикасын өзгертіп, дайындығын күшейтсе нәтиже беретінін айтты.

Ал Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов биылғы спорттың басты додасында күтпеген жағдайлар орын алғанын мәлімдеді.

«Париж Олимпиадасында өкініштісі бізге алтын бұйырмады. Бірақ, мен жігіттерге ренжімеймін. Олар өз айқастарында барын салып жұдырықтасты. Алайда, төрешілер кімнің қолын көтерді, сол ары қарай жарысты жалғастырып отырды. Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін», - деді Мырзағали Айтжанов.