Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі.
Демеу Жадыраев Париж олимпиадасына жолдама ұтып алғанда келіншегі 5 жыл күткен тұңғышы Дананы дүниеге әкелген. Олимпиаданың күміс жүлдегерінің анасы Күлипа Бижанова немересінің қадамы құт болып, ұлының биік белесті бағындырғанын айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бішкекте Олимпиадаға жолдама ұтып алды. Сол жарысқа барғанда келінім босанып, немерелі болдым. Демеудің бес жыл күткен тұңғышы – Дана қызым өмір есігін ашты. Немеремнің аяғы алтын! Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі. Асыға күткен немереміз әкесінің жолын оңғарып, жетістікке жетуіне септігін тигізді. Боз кілемде ұлымның өз-өзіне сенімді болғанын байқауға болады. Оның күмісі біз үшін алтынға бергісіз! Финалды үйде қала және ауыл әкімі, Талдықорған, Қапшағай, Алматыдан келген журналистер және туыстармен отырып бірге тамашаладық. Алматыдағы ұл-қыздарымды да шақырып алдым. Демеудің жары үш айлық баламен үйде отырған соң келе алмады. Адам саны көп болғандықтан, үйде көруге мүмкіндік болмады. Сондықтан аулаға теледидар қойып, бәріміз бірге көрдік. Сонау Кегеннен Нұрбақыт келді. Оның анасы да қасымыздан табылды. Осындай сәтте қуанышымызды бөліскен оларға алғысым шексіз», – деді ол turkystan.kz-ке берген сұхбатында.