14.08.2024, 02:30

«Мырзекең жарығын өшірді»: Сәрсекбаев қазақ боксын қайта жандандыру қиын болатынын айтты

Фото: dzen.ru

Ағайын, мені қолдап, бокс басшылығына шақырып жатқандарыңызға үлкен рақмет!

Бейжіңде өткен Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы Бақыт Сәрсекбаев өзін бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде ұсынып жатқан қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бақыт Сәрсекбаев Instagram-дағы парақшасында бокстан бас бапкер лауазымына ұсынып жатқан қазақстандықтарға алғыс айтты.

"Ағайын, мені қолдап, бокс басшылығына шақырып жатқандарыңызға үлкен рақмет! Мен бокс туралы жазсам, біреудің орнын тартып алайын деп жатыр дейтін хейтерлеріме де рақмет! Жазғаным жазған, қоймаймын айта беремін. Қазақ боксы басшысыз қалмас, Айтжанов кетсе Сатжанов келер... Дәл қазір бокс тізгінін алуға кім келсе де, ол кісіге оңай болмасы анық. Мырзекең жарығын өшіріп, есігін жауып кеткен боксты қайта жандандыруға өте көп күш қажет. Жаңа команда жасақтап, ескі қалдықтардан құтылу да оңай емес. Не де болса жаңа басшыға қажымас қайрат, үлкен сәттілік тілейік", - деді Сәрсекбаев.

Айта кетейік, Парижде өткен Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 10 боксшы сынға түсті. Оның ерлер құрамасынан барған жеті боксшының тек біреуі жүлдеге ілікті. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай күміс медаль еншіледі.