Азеке, тұлпар үшін рахмет!
Париж Олимпиадасының ширек финалында жеңіліп қалған боксшы Сәкен Бибосыновқа қазақстандық кәсіпкер тұлпар мінгізіп, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сәкен Бибосынов өзіне берілген сыйлық туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Ол Азамат Аман есімді кәсіпкерге алғыс айтты.
"Азеке, тұлпар үшін рахмет! Сіз бізді әрқашан қолдайсыз, көмегіңізді аямайсыз. Алла пейіліңізге берсін", - деп жазды Бибосынов.
Сондай-ақ, Азамат Аман есімді кәсіпкер жігіт Париж Олимпиадасында жүлдеге қол жеткізе алмаған тағы бір боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлына да жылқы мінгізіпті.
"Батырлар, біз үшін чемпионсыңдар. Тұлпарларың құтты болсын!", - деп жазды кәсіпкер Instagram желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, Париж Олимпиадасында 51 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды. Ал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) ширек финалда грузиялық Лаша Гурулиге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған болатын.