03.09.2024, 22:30

«Мен үшін оңай болған жоқ»: «Қайрат» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті

Фото: fckairat.com

Ресейлік маман бұл қызметке осы жылдың мамыр айында тағайындалған болатын. 

Алматылық "Қайрат" футбол клубының бас бапкері Александр Кержаков қызметінен кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

“Қайрат” футбол клубын мамыр айынан бастап жаттықтырған ресейлік маман Александр Кержаков қызметінен кетті. Клубтың хабарлауынша, бас бапкермен келісімшарт тараптардың өзара келісімі бойынша бұзылды. Кержаковпен бірге оның көмекшілері Владимир Казаков пен Руслан Аджинджал да клубтан кетті. Александр Кержаков мамырдың соңында "Қайраттың" бас бапкері болып тағайындалған. Оның жетекшілігімен алматылық клуб 12 матч өткізіп, 6 рет жеңіске жетті, 3 рет тең түсіп, 3 рет ұтылған еді. 

"Мен кеше таңертең қызметтен кетуге өтініш бердім. Бұл шешімді қабылдау мен үшін оңай болған жоқ, себебі мен осында жұмыс істеуді жалғастырғым келді. Біз ойын тұрғысынан өте маңызды прогресске қол жеткіздік, жақсы нәтижелер көрсеттік.

"Қайрат" араға ұзақ уақыт салып алғаш рет турнир кестесінде көш бастады және чемпион болуға мүмкіндігі бар. Бірақ мен бас бапкер жұмыста жол беруге болмайды деп санайтын жағдайлар бар. Толығырақ айтпай-ақ қояйын, ол клубтың ішінде қалсын. Командаға және жігіттерге сәттілік пен жеңіс тілеймін", - деді Кержаков. 

Айта кетейік, "Қайрат" ҚПЛ аясындағы соңғы ойында өз алаңында "Астанадан" 1:0 есебімен жеңілген еді. Қазір алматылық команда турнир кестесінде 32 ұпаймен көш бастап тұр.