09.09.2024, 16:40

«Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ»: Ризабек Айтмұхан тағы бір әлем чемпионатына қатыспақ

Фото: olympic.kz

Аз-кем демалыстан соң келесі жарысқа дайындықты бастаймыз. 

Жақында еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан алдағы жоспарын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Испаниядағы әлем чемпионатына даярлығымыз бапкерлердің жоспарына сай, еш өзгеріссіз, жақсы өтті. Нәтижесін кешегі жарыс күнінде көрсеттім деп ойлаймын. Десе де алда арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Аз-кем демалыстан соң келесі жарысқа дайындықты бастаймыз. Қазан айының аяғында Албанияда 23 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионаты тұр. Мақсатым – сол бәсекеде лайықты күресіп, жеңіске жету", - деді балуан.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде иеленді. Осылайша ол жастар және ересектер арасында әлем чемпионы болған тұңғыш қазақ балуаны атанып отыр.

23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем біріншілігі 21-27 қазан аралығында Албания астанасы Тиранада өтеді.