13.09.2024, 17:00

Көшпенділер ойындарында Құсбегіге автокөлік кілті табысталды

Фото: Worlgnomadgame

Көшпенділер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс өз мәресіне жетті. 

Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған «Алғыр» құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынға «Заңғар» құсымен Ерзат Байқадамов шықса, «қола» медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен еншіледі.

«Қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орынды «Найзатұяқ» құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орынға Қырғызстан спортшысы – Адильбек Құдайбердиев «Қарамоншақ» құсымен жайғасты. Ал ұлттық құрамамыздың тағы бір спортшысы – Бағдат Кеуенов «Сомбалақ» қаршығасымен қола медальді қанжығасына байлады.

«Ителгі салу» бойынша «алтын» және «күміс» медаль жүлдегерлері – Бакыт Шамуратулы және Түгелбай Абдыкадыров (Қырғызстан), «қола» медаль – ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажанның еншісінде. 

Ұлттық спорт түрін қолдау және насихаттау мақсатында дүбірлі додада құсбегіліктен Қазақстан қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелеріне Федерация президенті Берік Уәлиден арнайы сыйлықтар қарастырылған болатын.