20.09.2024, 16:40

Қырғыздармен қарымта матч өтпейді – Қазақстанның көкпар федерациясы мәлімдеме жасады

Фото: worldnomadgames.com

Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал. 

Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат парталы. 

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалды. Көшпенділер ойындарына дайындық ретінде спортшыларымыз 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы 5 оқу-жаттығу жиыны аттармен және спортшыларға сай келетін ат таңдаумен өтті. Федерация тарапынан да арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынды.

"5-ші дүниежүзілік көшпенділер  ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. ҚР көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайтынын да жеткізгіміз келеді", - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Әрбір халықаралық турнир — бұл елдер арасындағы достықты нығайту мен ортақ мұраға деген құрметті көрсетуге мүмкіндік. Сондықтан біз болашақта да көкпарды ынтымақ пен бірліктің нышаны ретінде көруге ниеттіміз.

"Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз.

Көпшіліктің екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз", - деп қорытындылады федерация.