$ 481.84  531.33  5.07

«Ақтөбе» 16 жылдан кейін Қазақстан кубогын жеңіп алды

Кубок иегері келесі маусымда Қазақстан намысын Еуропа лигасында қорғайды.

Фото: piхabay
Фото: piхabay

 «Ақтөбе» футболдан 2024 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында атыраулық команда алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Николай Сигневич 24-минутта мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Бірінші кезеңде ақтөбелік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде ақтөбелік клуб ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Соған қарамастан 88-минутқа дейін дегеніне жете алған жоқ. Сол сәтте бас төреші Данияр Сахи атыраулық команда тарапынан тәртіп бұзылуына байланысты олардың қақпасына пенальти белгіледі. Оны Әлібек Қасым мүлт жіберген жоқ. Арада бір минуттай өткенде Фредди Гондола мергендік танытып, «Ақтөбені» алға шығарды.

Осылайша, Игорь Леонов шәкірттері араға 16 жыл салып, Қазақстан кубогына ие болды. Соңғы рет «Ақтөбе» 2008 жылы дәл осы Алматыдағы стадионда топ жарған.

Кубок иегері келесі маусымда Қазақстан намысын Еуропа лигасында қорғайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары