"Бізге келе алсаң, көмектесуге дайынбыз" деген хабарлама жіберді. АҚШ-қа билетімді алып берді", - деді қазақстандық спортшы.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет Канеломен таныстығы туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Спортшы бұл туралы Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.
"Канеломен" жаттығып жүргеніме 3 жыл болды. 3-4 ай АҚШ-та жаттығып, артынша 2-3 ай елімізде, ауылда демалғанымды есептесем, нақты 2 жыл. "Канелоның" артықшылығы – оның тәжірибесінде. Тіпті құпиясы болғанның өзінде ол ешкімге айтпайды деп ойлаймын. Барлық боксшы бірдей жаттығу жасайды. Стильдерінде ерекшелік бар. Жасырын жаттығу тәсілдері болса, құпия күйінде қалған шығар. Менің ойымша, еңбекқорлығы, тәжірибесі мен құдай берген талантының арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Соның бәрін ұштастыра білген адам ғой", - деді Бек Нұрмағанбет.
Бек Нұрмағанбет мексикалық боксшы "Канелоның" адамгершілігіне тоқталып, тіпті АҚШ-қа өзі хабарласып шақырғанын айтты.
"Кейін өзімше мен боксты қойдым деп есептеп, демалыс алғандай болдым. 2-3 айдан кейін "Канелоның" өзі хабарласты. Компаниямыздың жабылғанын әлеуметтік желі арқылы көрген болуы керек. "Канело" маған "әрі қарай қандай жоспарың бар?" деген сұрақ қойды. Негізінде менің жоспарым болған жоқ. Олар маған жеке хабарласып, өздеріне шақырады деген ой да болған емес. "Канелоға" жоспарым жоғын айттым. "Бізге келе алсаң, көмектесуге дайынбыз" деген хабарлама жіберді. "Қандай мақсат?" деп тіке сұрақ қойдым. Жоспарларын ашып түсіндірді, жатар орын, тамақпен қамтамасыз ететіндерін айтты. АҚШ-қа билетімді алып берді. Рейтингтік жекпе-жекке шығатын боксерлерге қандай жағдай жасалса, маған да сондай жағдай жасалып отыр. Спарингтен бөлек, "Канело" – адамгершілігі өте жоғары жігіт. Басқа чемпиондарға қарағанда өзіне тән бір артықшылығы бар, ол оның кішіпейілділігі. Әңгімелесіп отырғанда жұлдыз екенін байқамайсың", - деді Бек Нұрмағанбет.