01.10.2024, 23:30

Қазақтың шахматшы қыздары әлем бойынша үздіктер қатарына енді

Фото: drs_kz инстаграм парақшасынан

Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) спортшылардың қазан айына арналған жаңартылған рейтингін жариялады.

Қазақстандық шахматшылар биылғы Олимпиададағы тарихи жетістіктен кейін әлемдік рейтингте жоғарылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) спортшылардың қазан айына арналған жаңартылған рейтингін жариялады.

Әлемдік рейтингтегі үздік 20 жас шахматшы қыздардың қатарына 5 қазақстандық спортшы енді. Бибісара Асаубаева (2487 ұпай) рейтингтің 2-сатысына жайғасса, Меруерт Қамалиденова (2378 ұпай) 8-орынға тұрақтады. Алуа Нұрман (2356 ұпай) әлемдік рейтингте 10-орынға табан тіреген. Ал Ксения Балабаев (2335 ұпай) бұл тізімде 12-орынға жайғасса, Лия Құрманғалиева (2324 ұпай) 18-орынға тұрақтаған.

Ал ересектер санатында Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте 16-орыннан көрінді.

Жас шахматшы жігіттер санатында қазақстандық спортшы Нөгербек Қазыбек 2534 ұпай жинақтап, әлемдік рейтингтің 33-сатысына жайғасқан.

Айта кетейік, биыл Мажарстан астанасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлде жеңіп алды.

Фото: Жас шахматшылардың әлемдік рейтингі (топ-20). Скриншот: ratings.fide.com