Білім дамымаған еле қылмыс көп болады.
Qasqa Jol ютуб арнасының кезекті шығарылымы АЭС бойынша өткізілетін референдум, елдегі оқу жүйесі мен білім тақырыбына арналды. Одан бөлек шет елде оқитын патриоттар, майшелпектің үстінде отырған білім басқармалары, түрмеге ақша жинаған оқушылар және баласын қазақша үйретпейтіндерді жазаға тарту тұрғысында да әңгіме өрбіді. Бағдарлама қонақтары экономика ғылымдарының кандидаты, оқытушы, профессор Жангелді Шымшықов пен химия ғылымдары бойынша PhD докторант, "QAZBILIM GROUP" компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан мұғалімдердің жалақысы, оқу бағдарламасы сияқты бірқатар өзекті мәселені талқыға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бағдарлама қонақтарының айтуынша, елімізде АЭС салынатын болса, оның құрылысын қай ел жүргізеді? Мәселенің барлығы осында.
«Атом ғылымның үлкен деңгейі. Алайда қазіргі күні журналистердің басым бөлігі оны құнсыздандырып жібергендей. Себебі БАҚ өкілдері оның мәнін түсінбей жатып, халыққа насихаттап жатқандай көрінеді. Көзі ашық адам дұрыс түсінбегенде, қарапайым халық оны қайдан түсінсін? Сондай-ақ, тағы бір маңызды жайт АЭС-ты салуда емес, мәселе оның құрылысын кімнің жүргізуінде болып тұр», - деді Аятжан Ахметжан.
Сонымен қатар бағдарлама қонақтары, жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектептің аражігін анықтап көрді.
«Міндетті орта білім мемлекет үшін керек. Мемлекеттің ұстанымы, саясаты, ұлттық идеологиясы орта мектепте қалыптасады. Ал егер баланың сана-сезімі ұлттық деңгейде емес, шетелде қалыптасса болашақта қиын болады. Еліміздегі жекеменшік мектептердің басым көпшілігі ұлттық идеологияны насихаттамайды. Ол үлкен мәселе. Сол себепті мемлекеттік мектепте білім алу маңызды», деді экономист Жангелді Шымшықов.
Спикердің айтуынша, білім саласына елдегі жалпы ішкі өнімнің тек 5-6 пайызы ғана кіреді.
«Мемлекет тарапынан білім мен ғылымға қолдау аз емес, бірақ бөлінген ақшалардың барлығы жетер жеріне нақты жетіп жатқан жоқ. Орта жолда білім бөлімінің бухгалтерлері мен шенділердің қалтасында кетіп жатыр. Бюджетті бөлуде проблема жоқ, алайда игеруде мәселе өте көп. Білім саласына қатаң бақылау керек деп ойлаймын», деп қосты ол.
Сондай-ақ, Аятжан Ахметжан елдегі үш ауысымды мектептердің мәселесін оңтайлы шешу керектігін айтты.